Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 9,5% деңгейінде сақтап қалды

Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 9,5% деңгейінде сақтап қалды

Базалық мөлшерлемені +/- 2 п.т. пайыздық дәлізбен жылдық 9,5% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды ҚР Ұлттық Банкі.

Коронавирустың таралуы аясында әлемдік экономикада рецессия байқалуда. ХВҚ соңғы болжамдары бойынша 2020 жылы әлемдік экономиканың, оның ішінде Қазақстанның сауда әріптес елдерінде 3,0%-ға құлдырауы күтіледі. Еуроодақ экономикасының 7,5%-ға, Ресей – 5,5%-ға құлдырауы болжануда, Қытай экономикасы өсуінің 1,2%-ға дейін бәсеңдеуі бағалануда.

Қазақстанда 2020 жылғы қаңтар-наурыздағы негізгі капиталға инвестициялардың өсімі 2020 жылғы қаңтар-ақпандағы 11,6%-бен салыстырғанда 5,1%-ға дейін баяулады. Мемлекет тарапынан халықтың кірістері мен жұмыспен қамтылуын қолдау бойынша қабылданатын шаралар жиынтық сұранысты ынталандыратын болады, ол өз кезегінде экономикалық белсенділіктің кезең-кезеңімен қалпына келуіне септігін тигізеді.

Базалық мөлшерлеме бойынша бұдан былайғы шешім экономиканың қалпына келу қарқынына, инфляциялық тәуекелдер балансына, жиынтық сұраныс деңгейіне, сондай-ақ қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету шараларын ескере отырып қабылданатын болады.

 

Фото: prodengi.kz

Базалық мөлшерлеме бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің кезекті жоспарлы шешімі 2020 жылғы 8 маусымда жарияланады.