Әлем елдері экономиканы қолдау шараларын қабылдауда

Әлем елдері экономиканы қолдау шараларын қабылдауда

Әлемде бір тәулікте 100 мыңдай адамнан коронавирус анықталған. Ал COVID -19  жұқтырғандар саны 2,7 млн-нан асты.

Жер жаһанға тараған коронавирус індеті елдер экономикасына кері әсерін тигізуде. Бүгінде әлем мемлекеттері ел экономикасын тұрақтандыру мақсатында қаржы бөлу шараларын бастады.

Еуропалық Одақ коронавирус пандемиясынан кейін экономиканы қалпына келтіру үшін триллион қорын құрмақ. Бұл туралы ЕО көшбасшыларының бейне байланыс арқылы өткізген пандемиямен күреске арналған саммиті барысында мәлім болды. Олар коронавирус індетінен қатты зардап шеккен елдерге және еуропалық компанияларға көмек көрсету үшін арнайы қор құру туралы шешім қабылдады. Бұл қор алдағы екі ай ішінде құрылуы керек. Сарапшылар ЕО-да шамамен 1,5 трлн еуро жиналады деп үміттенеді. Осылайша, 1 маусымға қарай кәсіпкерлер мен жұмысшыларға көмек көрсету үшін 540 млрд еуро сомасына несие пакеті дайын болады.

Еуропа елдеріндегі эпидемологиялық ахуал жақсарып келеді. Германияда аурудан жазылғандар саны күн сайын артуда. Соңғы мәлімет бойынша, 100 мыңнан аса адам сауыққан. Испанияда да індеттің таралуы бәсеңдеп келеді. Өткен тәулікте бұл елде тағы 4 635 адамның вирусты жұқтырғаны анықталды. Францияда коронавирус жұқтырғандар саны 158 183 жетті. Президенті әкімшілігінің хабарлауынша, індеттің таралуын шектеу мақсатында енгізілген карантин барлық өңірде біруақытта алынады.

Италияда вирустан жазылып шыққандар саны қайтыс болғандардан асып түсті. Тәулік ішінде 3 мыңнан аса адам сауыққан. Осы орайда жазда Италия, Германия және Бельгия компанияларының консорциумы әзірлеген вакцинаны сынау қолға алынбақ, деп жазады жергілікті БАҚ.

АҚШ COVID-19 пандемиясының салдарын еңсеру мақсатында шамамен 500 млрд доллар бөледі. Осылайша қабылданған шаралар пакетінің көлемі шамамен 3 трлн долларға жетті. Ресми дерек бойынша, 300 млрд доллар шағын бизнеске арналған несие бағдарламасына бағытталады. Америкалық президент Дональд Трамп заң жобасын қолдап, оның арқасында экономикалық қиыншылыққа тап болған америкалық компаниялар енді миллиондаған қызметкеріне жалақы төлей алатынын жеткізді.Трамптың айтуынша, кейбір штаттар бұрынғы қалпына келіп, бірқатар компания өз жұмысын бастап кетті.

Айта кетейік, Вашингтон наурыз айының соңында экономиканы ынталандыру үшін 2 трлн доллардан астам қаржы бағыттаған болатын. Джонс Хопкинс Университетінің соңғы мәліметіне сүйенсек, елдегі вирус жұқтырғандардың саны 850 мыңнан асып, оның шамамен 50 мыңы қайтыс болған. Қазіргі таңда 84,1 мың адам ауруынан айығып шықты.

 

Фото: eeas.europa.eu