Пандемиядан кейінгі дәуір: Қазақстан экономиканың қандай бағыттарына басымдық береді?

Пандемиядан кейінгі дәуір: Қазақстан экономиканың қандай бағыттарына басымдық береді?

Танымал экономист Азаматхан Әміртай Қазақстан экономикасының даму бағыттарына қатысты өз болжамдарымен бөлісті. Оның айтуынша, әлемдік мұнай бағасының төмендеуі салдарынан мемлекеттік қазына айтарлықтай кірісінен қағылады. Сарапшының пікірінше, «ағымдағы бағалармен қара алтын өндіріп, сатудың тиімділігі шамалы болады. Сондықтан ірі жобаларды жүзеге асыру тоқтатылады. Есесіне уран, алтын, бағалы металдар өндірісі алға басады».

Сындарлы сағаттарда қандай бағыттарға басымдық берген жөн? Бұл орайда Азаматхан Әміртай шағын және орта бизнестің үлесі артатынына нық сенімді. Маманның ойынша, бизнес қауымдастықты жаңа сын тегеуіріндер күтіп тұр. Бұл сәтте делдал болудан гөрі өзгелерде баламасы жоқ төл өнімміңді шығаруға ден қойған абзал. Отандық нарыққа сапалы әрі ерекше жаңа қызмет және тауар түрлері қажет. Маман «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалаған» дұрыс деп санайды

«Бұл әсіресе шағын және орта бизнесті дамыту үшін өте қолайлы кезең. Кәсіпкерлер алдында үлкен мүмкіндіктер ашылды. Бірінші кезекте агроөнеркәсіптік кешеннің даму қарқыны жақсарады. Шекарада шектеу шаралары күшейтілді. Бұл жаңа өнім шығаратын кәсіпорындар құруға сеп болады», - дейді сарапшы

Сондай-ақ маман өз сөзінде төтенше жағдайдан кейін туризм индустриясының дамуы қарқын алатынын алға тартып отыр. Енді тек сыртқы туризм емес, ішкі саяхат бағыттарын түрлендіретін тамаша мүмкіндіктің кезі келді, дейді сарапшы. Табиғаты көркем елімізде демалыс орындары мен тарихи мекендер, киелі жерлер жеткілікті. Тек инфрақұрылымын тартып, қайта жаңғырту керек.

«Адамдар отандық туризмді дамыту арқылы пайдаға кенеледі. Бұл үшін елімізде барлық жағдайлар жасалып жатыр. Сала мамандары осыған көңіл бөлсе, істері алға басады. Сондай-ақ, экономика үшін аса маңызды сауда-саттықтың дамуынада тың серпіліс керек», - дейді Азаматхан Әміртай

Сарапшының пайымынша, Қазақстанда шағын және орта бизнеске деген көзқарас өзгеріп, үкіметтің қолдау тетіктері күшейтіліп келеді.

Мемлекет шағын және орта бизнесті барынша қолдап жатыр. Яғни, экономиканы әртараптандыру ісі қолға алынды. Сондықтан мемлекеттік қолдау шараларының арқасында адамдардың ақша табуға деген көзқарасы өзгеріп келеді. Экономиканың жаңа бағыттарын дамыту үшін алғы шарттар жасалынған.

Сарапшылардың пікірінше,  агроөнеркәсіптік кешеннің мал және өсімдік шаруашылығына және туризм саласына инвесторлар тартылатын болады. Дүниежүзілік банк, Еуропалық қайта құру және даму банкі экологиялық жобаларға қаржы құюға басымдық береді.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

​Фото: tv.kz​