Төтенше жағдайға байланысты Қазақстан экономикасы 230 млрд теңгеден қағылады

Төтенше жағдайға байланысты Қазақстан экономикасы 230 млрд теңгеден қағылады

Төтенше жағдайға байланысты еліміздегі шағын және орта бизнесті қолдау шараларынан қазынаға 230 млрд теңге шығын келеді. Бұл туралы арнайы брифинг барысында Ұлттық экономика министрлігінің кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Шыңғыс Ахметов мәлімдеді. Оның айтуынша, шығынның орны республикалық бюджет есебінен толықтырылады.

«Қазір қалыптасқан жағдайға байланысты министліктің алдында дағдарысқа қарсы шараларды әзірлеу міндеті тұр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Үкіметтің шешімімен салықтық ынталандыру, жалдық және коммуналдық қызметтер төлемін кейінге қалдыру, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін оңтайландыру, жеңілдікті қаржыландыруға қол жеткізу секілді бірқатар шара қабылданғанын білесіздер», - деді Шыңғыс Ахметов баспасөз мәслихатында.

Коронавирус инфекциясына байланысты жарияланған карантин мен мәжбүрлі шектеу шаралары әсіресе еліміздің екі ірі шаһарындағы кәсіпкерлерге кері әсерін тигізіп отыр. Ел қазынасы түсімдерінің үштен бірін Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының бизнесмендері салады. Кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры қазіргі кезеңде шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдаудың қандай тетіктері барын айтып берді.

«Еліміздегі төтенше жағдай кезінде зардап шеккен шағын және орта бизнесті жеңілдікпен несиелеудің жаңа бағдарламасы іске қосылды. Осы мақсатқа 600 миллиард теңге бөлінеді. Несие құны банктің сыйақы мөлшерлемесін субсидиялаумен есептегенде 6 пайызды құрайды. Бір кәсіпкерді несиелік қолдау мөлшері 7 миллиард теңгеге ұлғайды. Айналым қаражаты 60 миллион теңгеден 500 миллион теңгеге дейін артты. Мемлекет тарапынан кепілдендіру берілетін несиенің мөлшері 360 миллион теңгеден 1 миллиард теңгеге дейін ұлғайып отыр. Кепілдендіру мөлшері 50 пайызды құрайды», - деді департамент директоры.

Шыңғыс Ахметов өз сөзінде «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасының салалық жеңілдіктеріне тоқталды. Оның айтуынша, бұған дейін бағдарлама аясында экономиканың нақты салаларын ғана қолдау көзделетін. Яғни, арнайы салалық шектеулер бар еді. Қазіргі жағдайды ескеріп шарт өзгертілді. Енді бүкіл шағын және орта бизнес субъектілерін қолдау үшін салалық шектеулер алынып тасталды.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: wfin.kz