Азаматтық авиация жыл соңына дейін 300 млрд теңге жоғалтуы мүмкін

Азаматтық авиация жыл соңына дейін 300 млрд теңге жоғалтуы мүмкін

300 миллиард теңге. Коронавирусқа байланысты еліміздің азаматтық авиациясы жыл соңына дейін осынша қаражаттан қағылуы мүмкін. Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов осындай болжаммен бөлісті.

Бүгінгі таңда елімізде азаматтық авиация саласында ішкі әуе рейстері жүз пайыз, ал халықаралық рейстер 98%-ке тоқтатылған. Министр әлемдегі жағдайға қарамастан, биыл бірінші тоқсанда жолаушылар ағыны көрсеткішінде өсім болғанын атап өтті. Яғни, есепті кезеңде 1,7 миллион жолаушы тасымалданған, бұл 2019 жылғы сәйкес кезеңнен 5,2% артық.

Бұдан бөлек, ведомство басшысы биыл  Түркістандағы халықаралық әуежай құрылысы аяқталатынын айтты.

«Биыл біз Түркістан қаласында жаңа халықаралық әуежай мен Шымкентте жаңа жолаушылар терминалын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Үржар қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңартуды бастаймыз», - деді ол.

Сонымен қатар Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, керек қаражат бөлінген жағдайда Өскемен мен Үшарал қалаларындағы әуежайлардың тағы екі ұшу-қону жолағы да қайта жаңартылудан өтеді. Сондай-ақ, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі алдағы бес жылда 13 әуе айлағын салу көзделіп отырғанын да атап өтті. Бүгінгі таңда  жергілікті әуе желілерінің 3 әуе айлағы Үшарал, Үржар, Зайсанда жұмыс істейді.

 

Фото: aviav.ru