Қазақстанның екі ірі қаласында бірқатар кәсіпорынның жұмысы жанданды

Қазақстанның  екі ірі қаласында бірқатар кәсіпорынның жұмысы жанданды

Бүгін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында бірқатар кәсіпкерлік субъектілерінің қызмет түрлері қайта жанданды. Еліміздің қос шаһарында өнеркәсіптік кәсіпорындар, құрылыс және жол-құрылыс, көлік, қойма, ауыл шаруашылығы салаларындағы ірі сервистік компаниялар, автосалондар, ТҚС, авто жуу, дөңгелек ауыстыру, автобөлшектер дүкендері, химиялық тазалау, кеңсе техникасын жөндеу, екінші деңгейлі банктер, нотаруистер өз жұмысын бастады.

«20 сәуірден бастап жұмыс істейтін кәсіпорындардың қызметін рұқсат етілген кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметкерлері ғана пайдалана алады. Яғни, карантин кезінде жүруге рұқсаты бар азаматтар үшін ғана қызмет көрсетіледі», - делінген елордалық инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының хабарламасында.

Бұл ретте басты талап іске кіріскен кәсіпорындар карантин жағдайында қарастырылған санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді қатаң сақтауы тиіс. Мәселен, ірі кәсіпорынға кіріп шығу үшін арнайы рұқсат қағаз талап етіледі. Сондай-ақ, әрбірінің дене қызуы өлшеніп, арнайы залалсыздандырғыш кешеннен өту керек. Жұмыс орнында тамақтануға қатаң тыйым салынады. Ол үшін арнайы орындар қарастырылған.

Қоғамдық көліктің қатынауы тоқтатылғандықтан, кәсіпорын жетекшісі қызметкерлерін тасымалдау жағында өз мойнына алады. Бұл ең алдымен қатерлі індеттің ел аумағында таралуын тежеудің қамы.

Кәсіпкерлерде сақтық шараларына асқан жауапкершілік танытуға тырысады. Елордадағы құрылыс дүкендерінің бірі бізбен карантин аясындағы үзілістен кейінгі алғашқы жұмыс күнінің қалай өтіп жатқандығымен бөлісті. Сауда орнының  менеджері төтенше жағдай қарастыратын қорғаныс шаралары қатаң сақталатынын айтады. Медициналық маска және қолғапсыз ғимаратқа кіру мүмкін емес дейді.

«Кеңес беретін сатушы мен сатып алушылар арасы кемінде 2 метр болуы шарт. Күніне дүкенде кемінде үш мәрте дезинфекциялық шаралар өткізіледі. Ғимараттың ішіндегі кассалар, есіктің тұтқалары сынды жиі ұсталатын жерлердің бәрі ұдайы сүртіліп, тазартылып тұрады», - дейді құрылыс материалдары дүкенінің менеджері Саят Шораев.

Ал қоғамдық тамақтану нысандарында өзімен алып кету және сағат 22:00 дейін жеткізу қызметі ісіке асырылады. Еске сала кетсек, Қазақстанда төтенше жағдай режимі 2020 жылдың 1 мамырына  дейін ұзартылған болатын.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: liter.kz​