COVID-19 кедергі емес: «Қытай-Еуропа» теміржол бағытымен жүк тасымалының көлемі рекордты көрсеткішке жетті

COVID-19 кедергі емес: «Қытай-Еуропа» теміржол бағытымен жүк тасымалының көлемі рекордты көрсеткішке жетті

Қазақстан, Ресей, Беларусь, Польша және Германия арқылы әлеуметтік маңызды жүктер тасымалданады. Аспан асты елі осы маршрутпен Италияға, Германияға және Испанияға 500 тоннаға жуық медициналық жүк жеткізді. Тауарлар Чэнду қаласы арқылы өтеді. Еуропа мен Азияны байланыстыратын ең маңызды торап – осы.

СУНЬ ЯН, ЛОГИСТИКАЛЫҚ КОМПАНИЯ ФИЛИАЛЫНЫҢ АҒА МЕНЕДЖЕРІ:

- Біз барлық тауар жеткізілімдерін Чэнду қаласындағы теміржол хабына ауыстырдық. Еліміздің шығыс және оңтүстік өңірлерінен жіберілетін контейнерлер енді осы жерден жолға шығады. Жүктер Еуропаға және Таяу Шығыс елдеріне жеткізіледі.

Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында Чэнду мен Еуропа арасында 400-ден аса пойыз қатынаған. Бұл 2019 жылдың қаңтар-наурыз айларымен салыстырғанда 2 есеге артық. Айта кетейік, интернет арқылы берілген тапсырыстар көлемі 21 есеге өскен.

ЦЯО ПЭЙШУ, ЧЭНДУ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТЕМІРЖОЛ ПОРТЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Наурыз айының соңында жаңа рекорд орнатылды. Электронды коммерция каналдары арқылы миллионға жуық көтерме тапсырыс орындалды. Жүктердің жиынтық құны 15 миллион долларға жуықтады. Теміржол маршруттары сауданы дамытуда басты роль атқарды.

Осы уақыт ішінде бүкіл Қытайдан Еуропаға 2000-ға жуық пойыз жіберілді. Контейнерлік тасымал көлемі 18%-ға артты. Оның үстіне, теміржол уақыт үнемдеп, шығындарды азайтады. Жүкті 10-14 күнде жеткізуге болады, теңіз арқылы тасымалдағаннан гөрі бұл 2-3 есеге жылдам. Сондай-ақ, пойызбен жеткізу құны ұшақпен жібергеннен 4 есеге арзан.

 

Фото: ic24.kz