Пандемия кезінде әлем елдерінің экономиканы қолдау шаралары

Пандемия кезінде әлем елдерінің экономиканы қолдау шаралары

Жаһандық деңгейде өршіген пандемия әлемдік экономикаға кері әсерін тигізуде. Оның кесірін дамушы және алпауыт елдер қатар тартып жатыр.

Мәселен, АҚШ-та төтенше жағдайдың салдарынан шағын бизнестің 43% жұмысын тоқтатуы мүмкін. Кәсіпкерлер арасында ел көлемінде жүргізілген сауалнама қорытындысы бойынша осындай болжам жасалып отыр. Бүгінде құрама штаттарда шағын бизнестің 23% уақытша жабылды.  Қатерлі індет тоқтамаса алдағы екі-үш аптада өзге кәсіп иелері де қызметін тоқтатуға мәжбүр болмақ. 

Ұлыбританияда карантиннің салдары көңіл көншітпейді. Корольдік соңғы 300 жылдың ішінде болмаған экономикалық дағдарысқа ұшырауы мүмкін. Сарапшылар төтенше жағдайға байланысты елде жұмыссыздар саны 3,5 миллионға жетеді деп болжап отыр. Алдағы үш айда жағдай оңалмайтын болса ел экономикасы 35% дейін төмендейді деп күтілуде. Еске салайық, қазіргі таңда Ұлыбританияда 98 мыңнан астам адамда қатерлі инфекция анықталылған.

РИШИ СУНАК, ҰЛЫБРИТАНИЯНЫҢ ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:

- Еліміз үшін қиын кез келді. Бұған дейін айтқанымдай, біз әрбір бизнес пен әрбір үй шаруашылығын бірдей қорғай алмаймыз. Қазіргі жағдай оған мүмкіндік бермейді. Дағдарысқа мықты экономикамен кірдік. Британдықтар еңбекқор, өнертапқыш. Бәрін еңсереміз. Экономикалық салдар қандай болса да ол уақытша құбылыс дегім келеді.   

Жаңа Зеландия Үкіметі министрлердің жалақысын 20% қысқарту арқылы мемлекеттік қазынаны үнемдеуге кіріскен. Осылайша билік өкілдері қатерлі індетпен күресудің жаңа амалдарын қарастырып жатыр. Нәтижесінде бүгінде елде коронавирус тіркелген 1300 науқастың 800 дерттен айығып шыққан.

Мұндай шаралар Гонконгте де қолға алынған. Губернаторлар мен үкімет мүшелерінің еңбекақылары 20% қысқартылды. Үнемделген қаржының бір бөлігі елдегі кедейшілікпен күресуге бағытталады.

Ал Сингапурда министрлер мен билік өкілдері бір айлық жалақысын коронавируспен күресуге аударған. Кейін үкімет мүшелері де қызметтік ақыларынан кемінде үш ай бойы  бас тартатындарын мәлімдеді. Парламент депутаттары да жалақыларының тең жартысын төтенше жағдай қажеттіліктеріне жіберетін болды. 

Германия үкіметі дағдарыстың алдын алу қамында карантин тәртібін жеңілдетуге ден қойды. Елде төтенше жағдай 3 мамырға дейін жалғасқанымен келесі аптадан бірқатар шағын дүкендер ашылады. Ал мектептер мен қызмет көрсету салалары 4 мамырдан бастап іске қосылады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: time.kz