ХВҚ: Пандемия әлем экономикасына елеулі соққы жасайды

ХВҚ: Пандемия әлем экономикасына елеулі соққы жасайды

Халықаралық валюта қоры әлем мемлекеттері, оның ішінде Қазақстан экономикасына арналған болжамын жариялады. Алайда ол көңіл көншітерліктей болмай тұр.

Қор сарапшыларының есебі бойынша биыл әлем экономикасын 1930 жылдары болған Ұлы дағдарыспен тең қиындықтар күтіп тұр.  Пандемия мен инфекцияның таралуын тежеу мақсатында енгізілген шектеу шараларының кесірінен 2020 жылы  әлем экономикасы үш пайызға қысқарады деп болжануда. Коронавирустан айтарлықтай зардап шеккен кәрі құрлықтың экономикасына да  зардап  елеулі болғалы тұр.  Сарапшылар Еуроаймақ экономикасы жеті жарым пайызға қысқарады деген ойда.

ГИТА ГОПИНАТ. ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ВАЛЮТА ҚОРЫНЫҢ БАС ЭКОНОМИСІ:

- Әлем ауқымды оқшаулау режиміне көшті. Мұндай дағдарыс бұрын-соңды болмаған.

Халықаралық валюта қоры мұнай өндіретін мемлекеттер, оның ішінде мұнай бағасының төмендеуі мен карантин шараларының кесірінен қиын жағдайда қалған Қазақстан экономикасын да күрделі кезең күтіп тұрғанын айтады.  Қор болжамына сәйкес, Қазақстан экономикасы 2,5 пайызға қысқарып, 2020 жылы тұтыну бағасы 1,7 пайызға, бюджет тапшылығы үш пайызға өседі.

Сондай-ақ Халықаралық валюта қоры мұнай бағамына қатысты болжамымен де бөлісті.  Ақпан айының ортасынан наурыз айының ортасына дейін күрт төмендеген мұнай бағасы жақын уақытта көтерілмейді дейді сарапшылар.

 

Фото: qazaqtimes.com