Коронавирус салдарынан отандық әуе компаниялары 235 млрд теңге шамасында табыссыз қалды

Коронавирус салдарынан отандық әуе компаниялары 235 млрд теңге шамасында табыссыз қалды

Әлемдік авиация тарихтағы ең ауыр дағдарысты бастан кешуде. Коронавирус пандемиясының жағымсыз салдары Қазақстанның азаматтық авиация саласына да әсер етті.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарлауынша, 2020 жылдың наурыз-сәуір айларында Қазақстанда тасымалданатын жолаушылар саны 70%-ға азайды. Ұшу рейстерінің қысқаруы мен шектелуінен отандық әуе компаниялар 235 млрд теңге, әуежайлар 24,5 млрд теңге, «Қазаэронавигация» РМК 28 млрд теңге жоғалтты.

Қазақстандық тасымалдаушылар жабық әуежайлардан ғана емес, ұлттық валюта бағамының әлсіреуінен де зардап шегуде.

Еске салсақ, ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешіміне сәйкес, Қазақстанда коронавирустың таралуын болдырмау мақсатында бүгінгі күні 97 халықаралық бағыт бойынша аптасына 438 рейс қысқартылды немесе барлық халықаралық рейстердің 99% тоқтатылды.

Барлық тұрақты ішкі рейстер жабылды. Қазіргі уақытта ел аумағында тұрақты әуе қатынасы жоқ.

Сарапшылар авиация тарихында осындай жағдай болмағанын мәлімдейді. Халықаралық Азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) болжамына сәйкес, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында әуе компаниялар ұсынатын орындар саны 51%-ға қысқарып, тасымалданатын жолаушылар саны 500 миллионға азаяды. Ал әуе компанияларының операциялық шығындары 124 млрд АҚШ долларын құрайды. Жолаушы тасымалынан түсетін кірістің жоғалуы 252 млрд долларға бағаланып отыр.

 

Фото: 7kun.kz