20 сәуірден бастап қандай кәсіпорындар жұмыстарын жалғастырады?

20 сәуірден бастап қандай кәсіпорындар жұмыстарын жалғастырады?

Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 20 сәуірден бастап қандай кәсіпорындар жұмыстарын жалғастырады? ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімі туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев хабарлады. 

«Нұр-Сұлтандағы өнеркәсіптік және индустриялық кәсіпорындарда шамамен 35 мың адам жұмыс істейді. Олардың бір бөлігінің жұмысы тоқтаған жоқ. Ендігі таңда тағы 25 мыңнан астам адам қайта жұмысқа кіріседі. Құрылыс саласына келетін болсақ, елдің солтүстігіндегі құрылыс маусымы қысқа болғандықтан, құрылыс компаниялары мен оған жататын салалардың жұмысына рұқсат беру ұсынылды: яғни кәсіпорындарға құрылыс материалдарын жеткізу, құрылыс индустриясында сәулет-техникалық қадағалау, стандарттау және сертификаттау жұмыстары жалғасады. Бірінші кезеңде 50 мыңға жуық адам құрылыс саласындағы жұмысын қайта бастайды », - деді ведомство басшысы.

Сонымен қатар жолдарды жөндейтін асфальт-бетон зауыттары жұмыс істей бастайды, зейнетақылар мен жәрдемақыларды уақытылы беруді қамтамасыз ету мақсатында қысқартылған жұмыс кестесімен екінші деңгейлі банктер; киім тазлау орталықтары, дөңгелектерді ауыстыру орындары мен арнайы техникаларды жөндеу, тамақ жеткізу жұмыстарына 22-00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етіледі.

«Осылайша, 90-нан 100-мыңға жуық адам жұмысын жалғастыратын болады. Бұл елорданың еңбек нарығының 20 пайызын құрайды. Карантин аяқталғанға дейін балабақшалар мен түрлі қосымша білім беру бөлімдері, мектептер мен университеттер, барлар, түнгі және ойын клубтары, жеке ойын-сауық мекемелері, театрлар, мұражайлар мен кинотеатрлар әлі де жабық», - деді Дәурен Абаев.

Алматыға келетін болсақ, мұнда барлық өнеркәсіптік және құрылыс кәсіпорындары, сондай-ақ қоймалар жұмыс істей бастайды. Сонымен қатар екінші деңгейлі банктер мен бағалы қағаздар нарығының қызметкерлері, сондай-ақ ТҚКС жұмыскерлері, дөңгелек сататын дүкендер көлік жуу және кеңсе техникаларын жөндеу орталықтарының қызметкерлері жұмыстарын жалғастырады. Жалпы, сәуірдің үшінші онкүндігінде барлығы 128 мың адам толық жұмыс уақытына көшеді.

 

Фото: caravan.kz