Қазақстанда баспана сатып алушылардың қатары азайды

Қазақстанда баспана сатып алушылардың қатары азайды

Коронавирус жылжымайтын мүлік нарығына да өз әсерін тигізбей қоймады. Тұрғын үй саудасымен айналысатын ресми агенттіктердің мәліметінше, Қазақстанда баспана алуға ниеттілердің қатары күрт азайған. Қатерлі індеттің өршуі салдарынан жарияланған төтенше жағдай кезінде сұраныстың жоқтығынан пәтерлердің құны біршама төмендегені байқалады. Мамандардың айтуынша, тек Нұр-Сұлтан қаласы бойынша агенттіктердің сату және сатып алу келісімдері 80% кеміп отыр. Пәтер бағасы арзандамаса, қымбаттамайтыны анық. Бұл туралы Kazakh TV телеарнасының тілшісіне жылжымайтын мүлік агенттіктерінің өкілдері айтты.

НҰРБЕК АЙБЕКОВ, ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК АГЕНТТІГІНІҢ МАМАНЫ:

- Төтенше жағдай кезінде сатып алушылар тек кеңес алу үшін хабарласады. Нақты клиенттер жоқтың қасы. Пәтер иелерінің көбі баға көтерілгенге дейін баспанасын сатуды тоқтатып жатыр. Бұған ерекше режим мен адамдардың төлем қабілетінің төмендегені себеп деп ойлаймын. Осыған орай жылжымайтын мүлік нарығында бағанының түспесе, қымбаттауының алғышарттары көрінбейді. Оған әзірге еш негіз жоқ.

Жалға берілетін пәтерлердіңде құны да кей жағдайларда 40% дейін төмендеген. Біреулері сұраныс болмаған соң құнын сәл түсіруге мәжбүр болса, енді біреулері қиын-қыстау заманда жалдап алушыларға түсіністік танытуға тырысады, дейді мамандар.

ЕРБОЛ ТОҚСАНБАЙ, ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК АГЕНТТІГІНІҢ МАМАНЫ:

 - Карантинге дейін айына кемінде 50 пәтерді жалға беретінбіз. Қазір олардың 40 бос қаңырап түр. Бағасы нарықтың құнынан төмендері ғана өтуі мүмкін. Елордаға жол жабық. Басты гәп осы деп ойлаймын. Төтенше жағдай созылатын болса көрсеткіш әлі төмендейді. Біз үйде отырып қашықтан жұмыс жасап жатырмыз. Сұраныс жоқ деуге болады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: tengrinews.kz