Қазақстанның теңіз порттары арқылы жүк ағыны толассыз жүріп жатыр

Қазақстанның теңіз порттары арқылы жүк ағыны толассыз жүріп жатыр

Қазақстанның теңіз порттары жоспарға сай жұмыс істеуде. Ақтау теңіз айлағының ұжымы осы жылдың бірінші тоқсанына белгіленген көрсеткішті артығымен орындады. Мәселен, сәуірдің біріне дейін жоспарлы 525 тоннаның орнына 560 мың тонна мұнай өнімдері, 138 тонна басқа да жүктер ауыстырып тиелген. Жыл басынан бері порт 275 кеме қабылдады. Оның 74-і – танкерлер, қалғаны – құрғақ жүк таситын су көліктері. Бірінші тоқсанға белгіленген 256 тонна астық 100% Иранға жөнелтілді. Сондай-ақ Махачкала портына мұнай тасымалы жоспардан артық орындалған.

АБАЙ ТҮРІКПЕНБАЕВ, «АҚТАУ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТЕҢІЗ САУДА ПОРТЫ» ҰК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

- Транскаспий халықаралық көлік бағыты біртіндеп қарқын алып келеді. Оның тиімділігін отандық тауар өндірушілеріміз көріп отыр. Мысалға Қазақстанда шығарылған цемент, өзге де құрылыс материалдары, азық-түлік Иранға жіберіліп жатыр. Қазірдің өзінде порт аумағында экспорт тауар толы жүзден астам контейнер өз кезегін күтіп тұр. Айлаққа келіп тоқтаған кеме экипажының шығуына тыйым салынған. Жүктерді ауыстырып тиеуді порт қызметкерлері атқарады.

Қазақтың екінші теңіз айлағы – Құрық порты арқылы жыл басынан бері 400 мың тонна жүк ауысып өткен. Жыл аяқталғанша 1,5 млн тонна жүкті қабылдап-жөнелту күн тәртібінде тұр. Мұндағы паром кешені Маңғыстау өңіріне шекаралас төрт елге экспорт тауар тиеген жүк көліктері мен вагондарды кемеге жедел тиеп, жөнелтіп отыр. Кері бағытта бортына түрік мемлекеті мен Украинаның жүк көліктерін артып қайтады.

СЕРІК АХМЕТОВ, «ҚҰРЫҚ ПОРТЫ» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

- Түрікменстан өз шекарасын жауып тастағалы қалған үш мемлекет транзит жүк жөнелтудің басқа жолдарын қарастыра бастады. Бізге келетін паром саны күрт өсуінің де себебі де осы. Тек наурыз айының өзінде 700-ге жуық жүк машинасын қабылдап алдық. Халық тұтынатын тауарлар, азық-түлік тиеген бұл көліктер ендігі сапарын еліміздің аймақтары арқылы жалғастырады.

 

Фото: sputniknews.kz