ОПЕК + елдері мұнай өндірісін қысқарту туралы келісімге қол қойды

ОПЕК + елдері мұнай өндірісін қысқарту туралы келісімге қол қойды

Тарихи келісім. ОПЕК+ елдері G20 мүшелерімен бірге мұнай өндіруді 1 мамырдан бастап екі айға тәулігіне 9,7 миллион баррельге қысқарту туралы келісімге қол қойылды. Екі жылға жоспарланған келісімді өз кезегінде Қазақстан да қолдады.

«Бейнеконференция барысында, Қазақстанның энергетика министрі Нұрлан Ноғаев Қазақстан бұрынғыдай сындарлы диалогты жалғастыратынын және әлемдік нарықта қалыптасқан күрделі жағдайды ескере отырып, өз тарапынан мұнай өндіруді ұжымдық қысқартуға қатысуға дайын екенін мәлімдеді», - деп хабарлады министрліктің  баспасөз қызметі.

Айта кетейік, ОПЕК+ елдері министрлерінің бейнебайланыс бойынша келіссөздері 11 сағат бойы жалғасты. Содан кейін G20 елдері министрлерінің тағы бір онлайн-кездесуі өтті. Аталмыш онлайн жиынға біздің ел де қатысты. Тарихи мәміленің басты бастамашысы - Сауд Арабиясы Корольдігі. Дәл осы елдің өкілдері ұзақ уақыт бойы мексикалық әріптестерін көндіруге бар күшін салды. Алайда Мексика өз дегенінен қайтпады. Олар өндірісті тәулігіне 400 мың баррельге азайту ұсынысын қабылдамай, мұнай өндірісін күніне 100 мың баррельге ғана қысқартатын болды. Мексиканың үлесін АҚШ, Канада және Бразилия бірлесіп, өз мойнына алды. Алайда Мексиканың кесірінен ОПЕК+ мәмілесінің жалпы көлемі зардап шекті. Нақтырақ айтсақ, 10 миллион баррельдің орнына, келісімнің бұл бөлігі тек 9,7 миллион баррельге ғана төмендейтін болды.

Ресей президенті Владимир Путин, АҚШ президенті Дональд Трамп және Сауд Арабиясының Королі Сальман бен Абдель Азиз Аль Сауд мәмілеге қолдау білдірді. Осылайша, әлемнің үш жетекші мұнай өндіруші мемлекетінің басшылары уағдаластықты жүзеге асыру мәселесі бойынша байланысын жалғастырмақ.

 

Фото: ryb.ru