АДБ: «Орталық Азия елдері экономикасының даму көрсеткіші төмендейді»

АДБ: «Орталық Азия елдері экономикасының даму көрсеткіші төмендейді»

Азия даму банкі Орталық Азия мемлекеттерінің алдағы екі жылда даму әлеуетіне қатысты болжамын жариялады. Халықаралық институттың сарапшылары аймақтағы барлық 5 елге коронавирус індетінінің салдарынан экономикаға тиетін әсерді бағалады.  

Баяндамада Орталық Азия елдерінің дамуы күрт төмендейді делінген. Жаһандық деңгейде өршіген инфекцияның салдарынан аймақта инфляция деңгейі жылдам өсіп, азық-түліктің құны қымбаттағаны байқалады. Мамандардың болжамынша жалпы өңірде инфляцияның өсімі 3,2%  құрайды.  Егер осы жылдың екінші жартысында азық-түлік бағасы арзандайтын болса, 2021 жылы ақша құнсызданбауы да мүмкін дейді, сарапшылар.

Әзірге, COVID-19 пандемиясы қаншаға созылатыны белгісіз. Алайда, бүгінгі күннің өзінде шикізаттың құны күрт түсіп, өндіріс ошақтары жабылды. Туристік сала тұралап қалды.  Осының салдарынан бұл салаларға тәуелді Орталық Азия елдерінің экономикасына кері әсері тиетіні анық дейді, мамандар.

Қазақстан. Азия даму банкінің Қазақстанға қатысты болжамына сай, елде коронавирус індетінің салдарынан экономикалық көрсеткіштер төмендеуі ықтимал. Бұл сондай-ақ мұнай құнының құлдырауына да тікелей байланысты болмақ.  Алайда 2021 жылы оның деңгейі қалпына келеді деп күтілуде. Бұл да мұнай өндірісінің көлемін арттырумен тікелей қатысты болмақ. Сарапшылар қатерлі індетке дейін мемлекеттің тұрақты дамуын ерекше атап өтті. Мәселен 2018 жылы экономика өсімі 4,1% құраса, былтыр осы көрсеткіш  4,5% жетті. Бұған жергілікті және шетелдік инвестицияның әсері жақсы болды дейді, мамандар.

 Қырғызстан.  Азия даму банкі сарапшыларының пікірінше, көрші Қырғызстанда, керісінше, экономикалық өсім жалғасуда. 2020 жылы ол 4% құрайды. Дегенмен Қытайдан және басқа елдерден шикізат, құрал-жабдық және азық-түлік жеткізілімінің уақытша тоқтатылуы импортқа тәуелді өндіріс, құрылыс және басқа салаларға кедергі келтіруде.

Егер эпидемияға қатысты жағдай нашарласа және шекаралардың жабылуы жалғасса, өсім баяулауы әбден мүмкін.

Тәжікстан. COVID-19 таралуы салдарынан зардап шегетін тағы бір ел – Тәжікстан,- дейді  сарапшылар. АДБ мамандарының болжамынша,  бұл республиканың экономикалық даму қарқынын 2020 жылы 5,5% -ға және 2021 жылы 5% -ға дейін төмедетеді. Бұл тек әлемді жайпаған коронавирус індетіне ғана байланысты емес. Елде экономикалық дамуды тежейтін тағы бір себеп – Тәжікстанның тартымдылығының аздығынан жеке инвестициялар мен ақша аударымдарының кемдігі. Шынында да, көптеген тәжік жұмысшыларының Ресейде екі қолға бір күрек табу мүмкіндігі азайды.

Түркменстан. Биыл экономиканың дамуы Түркменстанда да 6% -ға дейін баяулайды. Ал 2021 жылы құлдырау 5,8% құрауы мүмкін. Өнеркәсіп 6-7% аралығында ғана дамиды деп күтілуде.  Дегенмен, импортты алмастыратын барлық салаларда, ауылшаруашылық, жеңіл өнеркәсіп және тамақ өнімдері, құрылыс материалдары мен химиялық заттарды қайта өңдеуде өсім байқалады.  Мемлекеттік қолдаудың арқасында агроөнеркәсіп кешені дамитын болады.

Өзбекстан. 2020 жылы өзбек экономикасының дамуы 4,7% дейін баяулауы мүмкін дейді сарапшылар. Оған  COVID-19 қолайсыз әсерлері және табиғи газ бен мысқа сұраныстың азаюы, сондай-ақ, бағаның төмендеуі себеп болады.

 

Фото:abc.az