ОПЕК+ келіссөздері кейінге қалдырылды

ОПЕК+ келіссөздері кейінге қалдырылды

11 сағаттық келіссөздерден кейін ОПЕК + елдері шектеулерді енгізуге қарсы болған Мексиканың ұстанымын ескере отырып, мұнай өндірісін қысқарту туралы талқылауды кейінге қалдыру туралы шешім қабылдады. Бүгін өзге де қатысушыларды бұл шешімге келісуге шақырып отыр.

Бейнеконференция форматында өткен жиын алғашында өте нәтижелі басталған болатын. ОПЕК + өкілдері 1 мамырдан маусымның аяғына дейін қара алтын өндірісін тәулігіне 10 миллион баррельге азайту туралы алдын ала келісімге келді. Ал шілде айынан бастап 8 баррельге дейін, кейін келесі жылдың қаңтарынан сәуірге дейін күніне 6 млн баррельге азайтамыз деген шешімге келген.

«Әлемде мұнайдың коммерциялық қорының артуы және қоймаларды толтыру мүмкіндігі алаңдаушылық тудырады. Мұның бәрі мұнай саласы мен жалпы әлемдік экономика үшін ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін», - деп атап өтті Ресейдің Энергетика министрі Александр Новак.

Қазақстан өз кезегінде алдағы уақытта консенсусқа қол жеткізетініне сенім білдірді.

«Қазақстан болашақта мұнай өндірісін ұжымдық қысқарту туралы консенсусқа қол жеткізіледі, бұл өз кезегінде мұнай саласына оң әсерін тигізеді деген үмітін жоғалтпайды», деп хабарлады Энергетика министрлігі.

Келіссөздерге Қазақстан атынан ведомство басшысы Нұрлан Ноғаев қатысты. Министр Қазақстан ОПЕК + келісімінің қатысушысы бола отырып, әрқашан өз міндеттемелерін орындағанын атап өтті.

«Біз өз кезегімізде бүгінгі күн тәртібінің өзектілігін түсінеміз және мұнай өндіруді жалпы қысқартуға қатысуға дайынбыз»,- деді ол.

Еске сала кетейік, 6 наурызда ОПЕК + мүшелері шикізат өндірісін одан әрі шектеу туралы келісе алмады. Бұл мұнай бағасының күрт төмендеуіне әкелді.

 

Фото: yakutia24.ru​