2020 жылы 22,5 млн гектар аумаққа егіс егіледі

2020 жылы 22,5 млн гектар аумаққа егіс егіледі

Ауыл шаруашылығы министрлігі пандемияға байланысты Төтенше жағдай кезінде егіс науқанын рұқсат етілген жұмыстардың қатарына енгізуді сұрады. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді. Вице-министрдің айтуынша АШМ облыс әкімдіктеріне көктемгі дала жұмыстарын жүргізудің бірыңғай алгоритмін жолдаған. Онда егіс науқанын өткізу үшін адамдар мен көліктердің жеке тізімін дайындауды қарастырылған.

«Елімізде төтенше жағдай енгізілгелі бері коронавирус пандемиясына байланысты көктемгі дала жұмыстарына қатысты адамдар мен техникаларды, азық-түлікті тасымалдау бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігіне көптеген өтінім келіп түсті. Аталған мәселені шешу үшін министрлік облыс әкімдерінің бәрінің атына тиісті хат жолдады. Біз әкімдерден көктемгі дала жұмыстарын – төтенше жағдай уақытында рұқсат етілген жұмыстардың қатарына енгізуді өтініп отырмыз. Сонымен қатар аймақ басшыларынан көктемгі дала жұмыстары кезінде шаруаларды техникамен, тыңайтқыштармен, өсімдікті қорғау құрылғыларымен, мұнай өнімдерімен қамтамасыз етуді бақылауға алуды өтінеміз», - деді Айдарбек Сапаров.

Жалпы биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 22,5 млн га құрайды.

Вице-министрдің айтуынша, мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында егіс алқаптарын әртараптандыру және жоғары рентабельді дақылдарды өсіруге көшу бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Айдарбек Сапаров атап өткендей тұқым дайындау мәселесінің де маңызы зор. Қазіргі таңда 2,5 млн тонна тұқым құйылған.

 

Фото: usba.com.ua