Пандемияның әлемдік экономикаға әсері: неден ұтылып, неден ұтамыз?

Пандемияның әлемдік экономикаға әсері: неден  ұтылып, неден ұтамыз?

Әлемде белең алған пандемияның жаһандық экономикаға әсері қандай боларын нақты болжау әлі ерте. Дейтұрғанмен, қатерлі індеттің салдарынан бүгінгі таңда әлемнің әр түкпірінде зауыттар мен фабрикалардың жұмысы тоқтап, ұшақтардың бағыты шегерілді, валюта мен мұнай бағасы құлдырап барады.

Сарапшылардың пікірінше, COVID-19-дың ошағы ауыздықталғаннан кейін көптеген ірі компаниялар нарықтан шығуға мәжбүр болса, енді біреулеріне қызметінің бағытын өзге арнаға  бұруға тура келеді. Мәселен қазірдің өзінде көптеген компаниялар төл өнімін экспорттау көкжиегін немесе жеткізуші елдерден тауар алуға қатысты келісімдерін жаппай өзгертіп, әлеуетті бағыттарды қатар қарастырып жатыр. Енді олар сырттан емес іштен әріптес іздеп, отандық кәсіпкерлерге бет бұра бастады. Ernst&Young консалтингтік қоғамдастығы әлемдік компаниялар арасында жүргізген сауалнама нәтижелерін саралай келе, осындай қорытындыға келіп отыр.

Die Welt-тің хабарлауынша компаниялардың дені өнімдерін тасымалдау жоспарын өзгертуге көшкен. Бұл медицина сынды көптеген салаларға қатысты айтылған. Толықтай импорттан арылу мүмкін емес. Алайда сырттан келетін тауарлардың көлемі әлдеқайда  төмендейтіні анық дейді, сарапшылар.

Ендігі бір жаңалық – өндіріс ошақтарын жаппай автоматтандыру. Бұндай заман ағымына сай жүйені ендіруді әлемнің 45 елі бастап кетуге әзір екендіктерін білдірген. Індеттің беті қайтқан сәтте қарапайым жұмысшының орнын құлтемірлер баса бастайды. Себебі есік қақпай келетін осы текті сын сағаттар адам күшінің дағдарысқа қарсы тиімсіздігін аңғартты. Төтенше жағдай еңгізілгелі әлемнің жартысы қашықтан жұмыс жасау тәртібіне ауысты. Онлайн жүйе өнімділігін ақтай түссе адамдардың көпшілігі жұмысынан айрылуы мүмкін. Мәселен, Ұлыбритания үкіметінің есебінше, жаһандық автоматтандыру жүйесін ендірудің салдарынан 1,5 миллион адам тұрақты нәпақа табудан қағылғалы тұр. Бұндай қысқартулар Қазақстанды да айналып өтпейтіні анық. Жақында осыған қатысты еңбек министрі Біржан Нұрымбетов еңбек нарығында тұрақсыздық орнайтынын ескерткен болатын.

COVID-19 әлем экономикасына кері әсерін тигізіп жатыр. Қатерлі індеттен қорғанудың бірден бір жолы - карантин. Алайда бұндай оқшаулау шаралары қалтаны қағатыны анық. Мәселен, жалғыз Францияның өзінде карантинге 60 миллиард еуро жұмсалған. Бұл тек басы ғана дейді мамандар. Себебі коронавирус Еуропаны толықтай дүрбелеңге салуын тияр емес.

Компаниялар қиын қыстау кезеңді бастан өткергенде өндірісін жолға қою жолдарын іздейтін болады. Әзірге бұл ретте елдердің үкіметі барынша қолдау жасап жатыр. Көп жерде кәсіпорындар салықтан босатылып, түрлі жеңілдіктерге ие. Мәселен, Италия билігі бизнесті қолдау қамында 400 миллиард еуро бағыттады. Қазақстанда да кәсіпкерлерге 300 миллиард теңге шамасында қаржылай демеу қарастырылған.

 

Фото: news.myseldon.com