Ұлттық қор мен алтын-валюта қорында $90 млрд-тан астам қаражат бар

Ұлттық қор мен алтын-валюта қорында $90 млрд-тан астам қаражат бар

Елбасының «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты жаңа мақаласы осы сын сағатта елді бірлікке бастаған үндеу. Қазақстандық сарапшылардың ортақ пікірі осыған саяды. Нұрсұлтан Назарбаев мақаласында еліміздің талай қиындықты бірге жеңіп, зор жетістікке жеткенін атап өтті. Бұл ауыртпалықты да еңсереміз деген Елбасы халықпен бірге екенін жеткізді дейді, мамандар

САНАТ КӨШКІНБАЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:

 - Ең алдымен Елбасы мақаласынан байқағаным, оптимистік көзқарас бар. Қай кезеңде де дағдарыс деген үрей, қобалжу мен қиындық тудырады. Алайда сынымен қатар, зор мүмкіндіктер мен жаңа бағыттарға жол ашады. Бұл жолғы дағдарыстың да түбі бір шешімі болады. Жеңіп шығамыз.

ЖАСҰЛАНБЕК МАЙЛЫБАЙ, ҚАЗАҚСТАН СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ САРАПШЫСЫ:

 - Елбасы Қазақстанның 30 жыл ішінде қалыптасып, өзінің бір әлеуетті мемлекетке айналғанын айтты. Сол әлеуеті осы қиындықты еңсеруге толық мүмкіндігі бар екенін жеткізді. Осы қалыптасқан дағдарыстың қиындықтарымен қатар, мүмкіндіктері бар екенін де айтты. Яғни, осыдан кейін осы жағдайларды саралау, өзгеше ойлау, алдағы бағыт-бағдарға жаңаша түсу қажеттілігі туындайтынын көрсетті.

Сондай-ақ Елбасы індеттің алдын алу жұмыстарының дер кезінде басталғанын айтып, ел болашағы үшін жинақталған Ұлттық қор мен алтын-валюта қорында 90 миллиард АҚШ доллары бар екенін атап өтті. Алда талай шаруа күтіп тұр. Сондықтан тыңырықтан шығу үшін барлық күш-қуатты жұмылдыру қажеттігін жеткізді.

«Енді Үкімет пен жергілікті атқарушы органдары соны үнемді түрде, рет-ретімен орындауға кірісуі керек. Әр министр, әрбір облыс, қала және аудан басшылары жүйемен, тәртіппен, үйлесіммен, нақты жоспармен, нық сеніммен әрекет етіп, уақытша қиындықтан шығуға барлық күш-қуатты жұмылдыруы қажет. Nur Otan партиясының мүшелері де осы бір сауапты істің алдыңғы қатарынан табылуы тиіс», деді Елбасы.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: 24.kz