Қазақстанда тұрғын үй бағдарламаларының операторлары біріктіріледі

Қазақстанда тұрғын үй бағдарламаларының операторлары біріктіріледі

Қазақстанда тұрғын үй саясатын жүзеге асыратын бірыңғай оператор құрылады. Бұл жөнінде мәжілістің жалпы отырысында айтылды. Төменгі палата депутаттары тұрғын үй бағдарламалары операторларының санын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат«Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ, «Бәйтерек девелопмент» АҚ мен «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ-ын Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы етіп біріктіруге, сондай-ақ олардың бірін-бірі қайталайтын функцияларын жоюға және жалпы әкімшілік шығыстарын қысқартуға бағытталған. Нәтижесінде, жалпы әкімшілік шығындар 42% - ға азаяды. Біріккен компаниялардың жалпы актив қоры 750 миллиард теңгені құрайды.

«Ол халқымызға, соның ішінде, әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтар арасында қолжетімді баспана мәселесін шешуге кең жол ашады. Осы ретте негізгі басымдықтар мұғалімдерге, дәрігерлерге, бюджет ұйымдарының қызметкерлеріне, сондай-ақ орташа табыс деңгейі және орташадан төмен мемлекеттік қызметшілерді қамтитын болады. Жалпы, бірыңғай оператор құру азаматтарымыз үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді тұрғын үй саясатын қалыптастыруға ықпал етеді», деді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Сонымен қатар құжат жобасында тұрғын үй құрылысы бірыңғай операторының ипотекалық тұрғын үй қарыздарына және көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын аяқтауға кепілдіктер беру, инвестициялық жобаларды қаржыландыру және іске асыру жөніндегі қызметін регламенттеу бойынша да нормалар көзделген.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: kazan2013