Қорғаныс кәсіпорындары медициналық мақсаттағы өнімдерді шығаруға жұмылдырылды

Қорғаныс кәсіпорындары медициналық мақсаттағы өнімдерді шығаруға жұмылдырылды

Қазақстандық қорғаныс саласының кәсіпорындары коронавирустық инфекцияның таралуын тоқтатуға атсалысуда.

«Конверсия шеңберінде қорғаныс кәсіпорындары жедел тәртіппен жалпы және медициналық мақсаттағы азаматтық өнімдерді шығаруға көшті», деп хабарлайды ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі баспасөз қызметі.

Мысалы, түнге арналған әскери аспаптар шығаратын «Қазақстан Аселсан инжиниринг» АҚ Қазақстан-Түркия бірлескен кәсіпорны адамның дене қызуын өлшеуге арналған дистанциялық электрооптикалық құрылғылар өндірісін игеруде.

Ал әскери кемелер мен катерлер өндіретін батысқазақстандық «Гидроаспап» және «Зенит» кәсіпорындары түрлі аймақтарға өту кезінде дезактивацияны қамтамасыз ету үшін инженерлік қоршаулар мен арнайы тоннельдер өндірісін ұйымдастыруға кірісті.

Көкшетаудағы «Тыныс» зауыты медициналық бетперделермен қоса, жедел жәрдем машиналарына орнату үшін өкпені жасанды желдетудің мобильді аппараттарын шығаруды бастады. Таяудағы екі ай ішінде ӨЖЖ аппараттары Қазақстанның барлық өңірлеріндегі жедел жәрдем қызметтерінің қажеттілігін жабады. Осыған байланысты зауыт тәулік бойы үш ауысымды жұмысқа ауыстырылды.

Солтүстік Қазақстандағы «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ, «С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ және «Мұнаймаш» АҚ кәсіпорындары облысты автокөлікке арналған дезинфекциялық тосқауылдармен қамтамасыз етті.

Алматы қаласында орналасқан ұшпайтын қарулар мен практикалық оқ-дәрілер шығаратын Алма-ДК және Қалқан-7 зауыттары арнайы дезинфекциялау құралдары мен қорғау костюмдерін өндіруді ұйымдастырды.

Бұдан басқа, қорғаныс өнеркәсібі зауыттары, соның ішінде № 405 Алматы авиажөндеу зауыты Қарулы Күштерге төтенше жағдай режимі шеңберінде іс-шараларды ұйымдастыруға қатысатын әскери қызметшілерді дезактивациялық құралдармен қамтамасыз ету үшін қаржылай көмек көрсетті.

Бұдан басқа, «қорғаныс саласының кәсіпорындары бекітілген кестеге сәйкес күш құрылымдары мүддесінде 2020 жылғы мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты орындауды жалғастыруда. Әскери мақсаттағы барлық өнім уақытылы және сапалы өндірілетін болады», - делінген ресми хабарламада.

 

Фото: ehonews.kz