Төтенше жағдай мен дағдарысқа қарсы қосымша 5,9 трлн теңге бағытталады

Төтенше жағдай мен дағдарысқа қарсы қосымша 5,9 трлн теңге бағытталады

Дағдарысқа қарсы шаралардың жалпы пакеті салықтық преференциялар мен жергілікті деңгейдегі қолдауды қоспағанда 5,9 трлн теңгені құрайды. Бұл жөнінде қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұлов мәлімдеді.

Оның айтуынша, бөлінген қаржының 2,5 трлн теңгесі бюджеттік емес көздерден, ал 3,5 трлн теңгесі ел қазынасынан қарастырылып отыр. Қаржылай қолдау үш бағытқа жіктелген: 1,2 трлн теңге елдегі экономикалық тұрақтылықты және төтенше жағдай режимін қамтамасыз етуге жұмсалады. Ал 300 млрд теңге «Жол картасы» бағдарламасының аясында инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталады.

«Жұмыспен қамтудың жол картасын» жүзеге асыру үшін қосымша 84,5 млрд теңге бөлу жоспарланған. Кәсіпкерлерге қарыздарды субсидиялау және кепілдендіру арқылы кәсіпкерлікті қолдау шараларын күшейту қарастырылған. Бұл шамамен 16 мың жұмыс орнын құруға және 250 млрд теңгеден астам салықтық түсімге қол жеткізуге мүмкіндік береді», - дейді Берік Шолпанқұлов.

Сондай-ақ азаматтардың жекелеген санаттарын азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтармен қамтамасыз етуге 30,8 млрд теңге қарастырылған. Бұл шара 2 млн-нан астам адамды қамтиды.

 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: tengrinews.kz