Мұнай нарығындағы жаңа дағдарыс

Мұнай нарығындағы жаңа дағдарыс

Әлемде мұнайға сұраныстың күрт төмендеуі жаңа дағдарысқа алып келуі мүмкін. Көп ұзамай нарықта туындайтын күрделі мәселе мұнай қоймаларының тапшылығы болмақ, деп жазады Bloomberg.

Агенттік сарапшыларының пікірінше, қара алтынға деген сұраныстың бүгінгідей құлдырауы Ұлы депрессия, 1970 жылдағы мұнай дағдарысы және 2008 жылғы рецессия кезінде де болған емес.

Әдетте әлем елдері күніне 100 миллион баррель мұнай тұтынатын. Алайда 2020 жылы бұл көрсеткіш небәрі бірнеше аптаның ішінде бірден 25 процентке төмендеген. Бұл үрдіс жалғаса берсе, шикізат сақтайтын қоймалар тапшылығы туындайды, дейді сарапшылар.

Бұл жағдайды көп көлемде мұнай сақтауға арналған инфрақұрылым нысандарының бірнеше елде ғана болуы қиындата түседі. Мысалы, ондай алып қоймалар Роттердам және Сингапур айлақтарында ғана бар, деп жазады Bloomberg.

Мұнай өндірушілер бүгінде сатылмаған шикізатты мұнай танкерлерінде сақтап, уақытша шешім тауып отыр. Алайда әлемдегі танкерлер барлығына бірдей жете бермейді.

Агенттіктің хабарлауынша, қазірдің өзінде қара алтын нарығында баға баррелі үшін 10 доллардан да төмен түсіп кеткен. Ал кейбір трейдерлер тұтынушыларға сатып алған шикізатты алып кетуді ұсынып, ол үшін үстемеақы да төлейтін болған.

 

Фото: comandir.com