Ақтоғай тау-кен байыту комбинатының қуаты артады

Ақтоғай тау-кен байыту комбинатының қуаты артады

Ақтоғай тау-кен байыту кешенінде өндіріс аясын кеңейту жобасы іске асырылып жатыр. Бұл саланың әлеуетін барынша арттырумен қатар, жалпы Шығыс Қазақстан өңірі экономикасының дамуына тың серпін бермек.

Тың бастаманың көздегені Ақтоғай мыс кен орнының жұмыс істеп тұрған ашық кенішінен шикізатты қайта өңдеу көлемін 2 есеге дейін ұлғайту.  Бұл мақсаты іске асыру үшін қосымша байыту фабрикасын салу көзделіп отыр.

Алдын-ала болжам бойынша, жаңа зауытта 2022-2027 жылдары аралығында 80 мың тоннаға жуық мыс концентраты өндірілмек. Кеніштің одан әрі жұмыс істеу кезеңінде оның жылдық қуаты қосымша 60 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы болады деп күтілуде.  Осылайша сульфидті кеннен жыл сайынғы мыстың өндірісі 170 мың тоннаға дейін және кейіннен 130 мың тоннаға дейін артуы тиіс деп болжануда.

Бүгінгі таңда сульфид фабрикасының ғимаратын көтеру бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нысанның іргетасы қаланып, металл құрылымдары салынды. Сондай-ақ, барлық үш диірмен бойынша тірек плиталары орнатылды. Жаңа өндіріс ошағы 2021 жылы қолданысқа беріледі деп жоспарланған. 

Бүгінгі таңда Ақтоғай - әлемдегі ең ірі мыс кен орындарының бірі. Кеніштің қорында  шамамен 5 миллион тонна мыс бар. Айта кетерлік жайт, жер қойнауындағы бұл пайдалы қазба  қазіргі заманауи инфрақұрылымның барлық бағыттарында, электр қуатын өндіру мен таратуда, көлік саласында, коммуникацияларда, өнеркәсіптік жабдықтар және электр құрылғыларын өндіруде маңызды рөл атқарады. Сондықтан мыс өндірісінің көлемін ұлғайту ісіне басымдық беру аса орынды, дейді мамандар.