ХВҚ: Коронавирустың әлем экономикасына тигізетін соққысы ауыр болмақ

ХВҚ: Коронавирустың әлем экономикасына тигізетін соққысы ауыр болмақ

Коронавирус пандемиясының әлем экономикасына тигізетін соққысы ауыр болмақ. Халықаралық валюта қорының мәліметтеріне сәйкес, бүгінде оның үштен бір бөлігі рецессия жағдайында. Сарапшылардың пікірінше, COVID-19 вирусының теріс әсері автоөнеркәсіптен бастап туризмге дейінгі барлық салаларды қамтып отыр.

Еуропадағы автоконцерндер өндірістерін жаппай тоқтатуда. Volkswagen Group, PSA Group (Peugeot, Citroen, DS, Vauxhall және Opel), Fiat Chrysler және Daimler басшылығы осындай шешім қабылдаған. Renault Испаниядағы өндірісін және сатылымдарын доғарды. Коронавирус пандемиясына байланысты Volvo Cars Бельгияның Гент қаласындағы зауытының жұмысын тоқтатып қойды. Еуропадағы бұл ахуал Ресейдегі өндірістерге жеткізілімдер тізбегіне кері әсерін тигізді. Автокөлік брендтерінің бірнеше өкілдігі ел ішіндегі өндірістік бағдарламаларына өзгертулер енгізілетіні туралы хабарлады. Сонымен қатар, АР агенттігінің хабарлауынша, АҚШ-та General Motors, Ford және Fiat Chrysler өз зауыттарының жұмыстарын уақытша доғарып қойды. Коронавирустың таралуына байланысты BMW концерні де Еуропа мен Оңтүстік Африка аумағында автомобиль өндірісін төрт аптаға, 19 сәуірге дейін тоқтататынын хабарлады.

Ал Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы дүниежүзіндегі әуе компанияларының жолаушы тасымалынан алатын кірістері 44 процентке немесе 252 млрд долларға қысқаратынын болжам отыр.  Бұл болжам тасымалға деген шектеу үш ай мерзімге жалғасып, одан кейін экономикалық өсім басталатын жағдайға лайықталып жасалғанын ескеру қажет. Қауымдастық мамандарының есебіне сәйкес, 2019 жылмен салыстырғанда биыл әлемде жолаушылар ағымы 38 процентке қысқарады.

 

Фото: www.fondsk.ru