Қытай: COVID 19 таралуы тоқтағаннан кейін бизнеске қандай көмек көрсетіледі?

Қытай: COVID 19 таралуы тоқтағаннан кейін бизнеске қандай көмек көрсетіледі?

ҚХР-да өндірістерді қайта жандандыру үшін арнайы онлайн-платформа құрылды. Электрондық алаңды Бейжіңнің мүлік биржасы небәрі 24 сағаттың ішінде жасап шығарды. Бұл платформа өңдеумен айналысатын көптеген компаниялар үшін аса пайдалы болды. Өйткені коронавирустың бас көтеруіне байланысты Қытайда жеткізілімдер тізбегі бұзылып, шикізаттың жетіспеушілігінен кәсіпорындар қалыпты режимде жұмыстарын жалғастыра алмай, жабылып қалған еді.

«Екі жақтың да компаниялары тікелей біздің платформадан ресурстар қарай алады. Сонымен қатар, өз қажеттіліктері туралы ақпарат қалдыру үшін есептік жазбаларына кіруге мүмкіндік жасалған. Барлық мәліметтер тексеріледі. Платформа келісімдер жасауға және мақсаттары сәйкес болмаған жағдайда серіктестерді одан әрі қаржыландыруға көмектеседі», дейді әзірлеуші компания өкілдері.

Онлайн-платформа іске қосылған сәттен бастап 53 ұсыныс және 13 сұраныс жарияланған. Бірнеше келісімшарт сәтті жүзеге асқан. Олар негізінен вирустан қорғану құралдарының өндірісіне байланысты. Жобалаушылар кәсіпорындардың жұмысы қайта жанданған соң тауарлар мен шикізаттың басқа түрлеріне де сұраныс артады деген сенімде. Сондай-ақ, онлайн-алаңға қатысушылар үшін бірнеше банктен несие алу мүмкіндігі де қарастырылған. Мемлекеттік мекемелер өкілдерінің хабарлауынша, коронавируске қатысты ахуал тұрақталған соң да алаңның жұмысы жалғаса береді.

«Бізге платформаның жұмыс істегені керек. Уақт өте келе бизнес қалпына келеді, бірақ ақпарат алмасуға деген сұраныс сақталады. Жаһандануды ескерсек, Қытай мен әлемдік өндірістік жеткізу тізбегінің өзара байланысы нығая түседі. Осы салада зерттеулер жүргізіліп, дүниежүзіндегі компаниялар үшін қызметтер спектрі кеңейтілуде», деп атап өтті Бейжің мүлік биржасының басшысы Чжу Гэ.

Қытай экономикасы COVID-19 эпидемиясынан кейін тез тұрақталып келеді. Ресми мәліметке сәйкес, байланыс, энергетика және көлік сынды басты салалардағы компаниялардың 95% жұмыстарына қайта кіріскен.

 

Фото: russian.cgtn.com