Қазақстан Үкіметі тарапынан бизнеске қолдау көрсетіледі

Қазақстан Үкіметі тарапынан бизнеске қолдау көрсетіледі

Қазақстан үкіметі коронавирус пандемиясына орай жарияланған төтенше жағдай режимінде шектеулі форматта жұмысқа көшкен шағын және орта бизнеске қолдау көрсетілетінін хабарлайды. Бұл туралы жұма күнгі онлайн-брифинг кезінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлім етті.

Оның айтуынша, кәсіпкерлікті қолдау мақсатында бірқатар салықтық ынталандырулар әзірленді.

«Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында салықтардың бірқатар түріне жеңілдіктер қарастырылған. Шағын және орта бизнестің жекелеген санаттары үшін, оның ішінде сауда, ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, көрмелер үшін жеке мүлікке төленетін салықтарды және салықтар бойынша қарыздарын төлеуді уақытша тоқтату, жалпы тәртіпте жұмыс істейтін 70 мыңға жуық кәсіп иесі жылдың аяғына дейін 10 пайыздық жеке табыс салығынан босату ұсынылады», - деді вице-премьер.

Сондай-ақ кәсіпорындардың басшылығына, бизнес қоғамдастыққа қызметкерлердің еңбек құқықтарының сақталуын және оларды қысқартуға жол бермеуді қамтамасыз ете отырып, әлеуметтік салдарды азайту бойынша шараларды қабылдау жүктелді.

«Қазіргі жағдайда жұмыс орындарын сақтауды қамтамасыз ету ғана емес, сондай-ақ 431 мың жаңа жұмыс орнын ашу міндеті тұр. Осыған байланысты Үкімет Жұмыспен қамтудың жол картасын әзірледі, оны іске асыруға 300 млрд теңге қарастырылатын болады. Бағдарлама жұмыспен қамтамасыз етуге, сонымен қатар өңірлердегі неғұрлым өзекті инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге мүмкіндік береді, атап айтсақ: әлеуметтік, тұрғын үй-коммуналдық нысандарды қайта жаңарту және жөндеу», деп мәлім етті ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.

 

Фото: baribar.kz