Мұнай компанияларының қауіпсіздік шаралары

Мұнай компанияларының қауіпсіздік шаралары

Қазақстанның мұнай өндіру компаниялары үнемдеуге көшеді. Өз кезегінде, инвесторлар әзірге жағдайдың өрбуін жіті бақылауда.  Бұған қара алтын бағасының рекордтық көрсеткішке дейін құлдырауы ықпал етті. Қызмет көрсету компаниялары да жағдайдың тұрақсыздығына байланысты алаңдаушылық танытуда. Қазақстанда бір мұнай өндіру компаниясына 5 сервистік компания тиесілі. Жалпы саны 2 мыңға жуық.

Сарапшылардың пікірінше, әлемдік мұнай нарығындағы ахуал бірінші кезекте осы кәсіпорындарға әсерін тигізбек. Компаниялар үстіміздегі жылы көрсететін қызметтер саны айтарлықтай қысқаруы мүмкін екендігінен қауіптенеді. Бұл ретте мамандар шетелдік компаниялармен жасалған келісімшарттарды отандық компаниялардың пайдасына қарай өзгерту қажет дейді.  Қазақстанның мұнай сервистік компаниялары одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықов оларға құны 100 млн долларлық тапсырыстардың барлығын беруді ұсынып отыр. Ал бұл көрсеткіштен асқандары шетелдік компаниялармен бірлескен жұмысқа бағытталмақ.

Бұдан басқа, қара алтын нарығындағы қолайсыз ахуал ұлттық валюта бағамына да септігін тигізуде. Экономист Қасымхан Қаппаровтың пікірінше, егер бір айдың ішінде мұнай бағасы барреліне 40 долларға дейін көтерілмесе Ұлттық банкке теңге бағамын сақтап тұру қиынға соғады.

 

Фото: trend.az