Ішкі нарықты отандық ауыл шаруашылығы өнімдерімен толық қамтуға бола ма?

2024 жылға қарай Қазақстан ішкі нарығын құс етімен, шұжық өнімдерімен, ірімшік және сүзбе, балық, алма және қант сынды өнімдермен толықтай қамтамасыз етуге қауқарлы болады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі мәлімдеді. Сапархан Омаровтың айтуынша, қазір осы тауарлар бойынша импорт 220 млрд теңгеден асады. Жергілікті нарықты және тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыру үшін ведомство арнайы салалық бағдарламалар әзірлеген. Оларды іске асыру шеңберінде тек биылғы жылдың өзінде республикада 25 өнеркәсіптік сүт-тауар фермасы, 3 ет комбинаты, 8 құс фабрикасы, сондай-ақ қант зауыты салынады. Жалпы, оларды іске қосу үшін жеке инвесторларды тарту жоспарланып жатқандығын да министр атап өтті.

САПАРХАН ОМАРОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:

- Бұл жобалардың барлығы бойынша өткен жылы дайындық жұмыстары жүргізілді, нақты инвесторлар айқындалып, қазіргі уақытта қаржыландыру мәселесі шешілуде. Трансұлттық компанияларды қоса алғанда, ірі инвесторлар тартылатын болады. Бұл елге шетелдік инвестицияларды тартып ғана қоймай, сонымен бірге озық технологияларды, әлемдік нарықтағы сауда байланыстарын тартуға, қазақстандық мамандардың біліктілігін арттыруға және 12 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Авторы: Ақзер Сегізбаева 

Фото: 365info.kz