Қазақстандық қор биржасында доллар бірден 28 теңгеге қымбаттады

Қазақстандық қор биржасында доллар бірден 28 теңгеге қымбаттады. Қазіргі бағам 434 теңге 38 тиынды құрайды. Сарапшылардың пікірінше, бұл ел аумағында төтенше жағдайдың енгізілуіне және теңгені «еркін айналымға» жіберу шарасына байланысты болды. Республиканың Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 12 пайыз деңгейінде қалдыру туралы шешім қабылданғанын хабарлады.

Сонымен қатар Brent маркалы мұнай құны бойынша болжам қайта қаралып, 60-тан 35 долларға дейін төмендетілді. Еске салсақ, 9-шы наурызда қара алтын бағасы 20 пайызға дейін күрт құлдырап кетті. Мұндай арзан бағаға мұнай соңғы рет 2016 жылы саудаланған болатын. Бағаның төмендеуі бүгін тағы жалғасты.

Осылайша, қара алтын бағамы тағы 6 пайызға арзандай түсті. Нарықтағы ахуалға алаңдаулы инвесторлар әрекет ете бастады. 

АРМАН БАЙҒАНОВ, ЭКОНОМИСТ:

 - Бұл – мәңгілік емес. Бірнеше айға, жарты жылға дейін созылуы мүмкін. Содан кейін әлемде шикізатқа, тұтынушылық ресурстарға деген сұраныс қайта қалпына келеді. Бұл өз кезегінде ұлттық валютамызға кері әсерді төмендетеді. Алайда тағы бір жағдайды ескерген дұрыс: бізге әсер етіп отырған макроэкономикалық ахуалдан өзге ішкі факторлар да пайда болды. Ол – төтенше жағдайдың енгізілуі. Бұл – өте қажет шара. Сондықтан күрделі кезеңде үкімет үшін экономикалық ынталандыру шараларын әзірлеу қажеттілігі туындайды. Бізде қаржы көлемі 60 млрд доллар болатын Ұлттық қор бар. Қиын жағдайда қолдау шараларына қажет қаражат содан алынуы да мүмкін.      

www.lada.kz