Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тапшылығы жоқ

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тапшылығы жоқ. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті. Сонымен қатар ауыл шаруашылық министрлігі халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге күн сайын мониторинг жүргізеді. Қазіргі кезде елімізде 1,2 млн тоннадан астам азық-түлік қоры бар. Бұл 5-6 айға жетеді. Сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігіне де жіті мән берілуде.

БАҚЫТ СҰЛТАНОВ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:

-  Жалпы қазіргі кезде әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша жағдай тұрақталды. Қазақстанға негізінен тауық еті мен қант импортталады. Қазіргі кезде Ресейде бұл өнімдер артығымен шығарылып жатыр. Сондықтан Еуразиялық экономикалық одақ аясында аталған өнімдерді ішкі нарыққа әкелу бойынша ешқандай қиындықтар болмайды. Бұған дейін қол қойылған келісімшарттар толық дәрежеде орындалады. Сонымен қатар қалалар мен елдімекендердегі желілерді өніммен толық көлемде қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдар қосымша шаралар қабылдап жатыр. Сондай-ақ өңіраралық қатынас, азық-түлік алмасу жүйелері ретке келтірілді.

Сондай-ақ министр қазіргі таңда ішкі нарықтағы азық-түлік бағасы тұрақты екенін жеткізді. Жалпы жыл басынан бері 2 айдың ішінде баға өсімі 0,6 процентті құраған. Бұл – 2015 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш.

Фото: mix.tn.kz