Шаруа қожалықтарын субсидиялауды жетілдіру қажет

Агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялаудың жүйесін жетілдіре түсу қажет. Еліміздің кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңес тиісті сала органдарына осындай ұсыныс жасады. Олардың айтуынша, бірқатар кедергілерге байланысты ауылшаруашылық қожалықтарының 40 пайызы мемлекеттік қолдаудан қағылып отыр. Соңғы 5 жылдың ішінде субсидиялаудың ережесі 47 рет өзгерген. Шаруалардің көбі жаңа талаптардың тәртібіне ілесе алмай, өтінішті кеш тапсырып жататын көрінеді. Жол мен уақыт машақатын шешу үшін өтінімдерді қабылдау электронды үлгіге көшірілді. Алайда кең жолақты интернет желісі шалғайдағы ауыл еңбеккерлерінің бәріне бірдей қолжетімді емес.

КЕҢЕС АБСАТИРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІМӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

 - Еліміздегі шаруа қожалықтарының көбі өздеріне тиесілі субсидияларға қолдары жетпей отыр. Немесе мемлекеттік қолдау шараларының дені ішкі өнімі жоғары агроқұрылымдар мен ірі холдингтерге негізделген. Біз Үкімет бағыттаған қолдаудың неліктен қолжетімсіз екенін білу үшін аймақтарды аралап, шаруалармен жолықтық. Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінде осы мәселелер талқыланып, шешімі ізделетін болады.  

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: inbusiness.kz