Қазақстан жеңіл және тамақ өнеркәсібіне қаржы құйған инвесторларға жеңілдіктер жасамақ

Қазақстан жеңіл және тамақ өнеркәсібінің дамуын ынталандыру шараларын қолға алмақ. Ол үшін аталған салаларға қаржы құйған инвесторларға бірқатар жеңілдіктер жасалмақ. Ұлттық экономика министрлігі қолданыстағы заңға ұсынған өзгерістерге сәйкес, табысы 2,5 млрд теңгеден асатын инвесторларды жер және табыс салығынан 10 жылға, ал мүлік салығынан 8 жылға босату керек деп отыр.

Қазіргі заң бойынша, мұндай жеңілдік табысы 5 млрд теңгеден асатын инвесторларға ғана жасалады. Жаңа заң жобасы мәжіліс қарауына ұсынылды.

МӘДИ ТӘКИЕВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

-  Жеңіл және тамақ өнеркәсібіне инвестициялық жобаларды тарту үшін инвестицияның шекті мөлшерін 2 млн айлық есептік көрсеткіштен 1 млн айлық есептік көрсеткішке дейін төмендету ұсынылған. Яғни, келісімшартқа отыру үшін 5 млрд теңге қаржы салу қажет емес. Осы шаралар инвесторларды көптеп тартуға жағдай жасайды. Қазірдің өзінде қызығушылық танытқан компаниялар бар. Осы норма сол себепті жасалды. 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: ru.sputniknews.kz