Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету шаралары

Өткен «дүрбелеңді дүйсенбінің» салдары көптеген елдердің экономикасына әсер етуі мүмкін. Қазақстан әлемдік нарықтағы мұнай бағасының күрт төмендеуі ел экономикасына кері әсерін тигізбес үшін бірқатар шараларды қолға алмақ. Үкімет, ең алдымен басымдығы төмен бюджеттік шығындарды қысқартуға мүдделі. Осы арқылы 100-ден 300 млрд теңгеге дейін қаржы үнемдеу көзделіп отыр. Бұл жөнінде министрлер кабинетінде өткен отырыста Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлім етті.

Оның айтуынша, имидждік және консалтингтік шаралар мен мемлекеттік органдардың шығынын азайту арқылы қомақты соманы үнемдеуге болады.

Сондай-ақ еліміздегі бірқатар инвестициялық жобаны жүзеге асыру уақытша тоқтатылады. Үкіметтегілер үнемдеу шаралары әлеуметтік төлемдерге қатысты болмайды. Ол міндеттер толықтай жоспарға сай өтеледі деп отыр. Ұлттық валютаның жаңа бағамына орай зейенетақы мен жәрдемақыны индекстеу қолға алынады.

АСҚАР МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

 - Ұлттық экономикаға сыртқы жағдайлардың әсерін жеңілдету үшін бірқатар шаралар құрылды. Мұндағы басты мақсат – халықтың дәулеттілігін сақтап, ел игілігіне бағыттау. Осы ауыр жағдайда ешбір азамат елеусіз қалмайды.   

Қазақстанның Ұлттық банкі ішкі нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін бірқатар қосымша қаржылық шараларды қолға алатын болады. Бұл жөнінде қаржы институтының басшысы Ерболат Досаев мәлімдеді.

Әлемдік нарықта қара алтын құнының күрт төмендеуіне қатысты еліміздің бас банкі базалық мөлшерлемені 9,25 %-тен 12 % дейін көтерді.

Айта кетейік, макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау қамында мемлекет басшысының тапсырмасымен, Асқар Маминнің жетекшілігімен елімізде шұғыл әрекет ету штабы құрылған болатын.

Фото: primeminister.kz