Сарапшылар: Мұнай бағасының құлдырауы Қазақстан экономикасына елеулі әсер етпейді

Әлемде мұнай бағасы дүйсенбі күнгі күрт құлдыраудан кейін біршама көтерілді. Лондон қор биржасында «Брент» маркалы мұнай құны 7 процентке өсіп, барреліне 36 долларға жетті. Еске сала кетейік, өткен жұма күні ОПЕК + елдері әлемдегі мұнай өндіру көлемі бойынша келісімді ұзарту мәселесін талқылап, ортақ шешімге келе алмады. Салдарынан мұнай бағамы күрт төмендеп, ірі валюталық ауытқулар болды.

АРМАН БАЙҒАНОВ, ЭКОНОМИСТ:

 - ОПЕК ұйымы ыдырауға жақын тұр. Қазір кім күшті – соның заманы. Яғни, алпауыт мұнай компаниялары өмір сүре береді. Олар өндіру көлемін арттыруды тоқтатпайды. Сауд Арабиясы да, Ирак та өзге компаниялар да осылай істейді.

Сарапшылар мұнай бағасының қысқа мерзімді құлдырауы Қазақстан экономикасына елеулі әсер ете алмайды деген ойда. Олардың айтуынша, баға барреліне 20 долларға дейін құлдыраған күнде немесе бұл меже 1-2 ай бойы тұрақты болып тұрса ғана экономикаға залалы ауыр болуы мүмкін. Мұндай жағдайда Ұлттық қорға жүгінуге не болмаса тренсферттерді ұлғайтуға мәжбүрлік туындайды. Бұл жағдайда Ұлттық қор әлеуеті қаншаға жететіні  есептеліп-қисапталып қойған. Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының директоры Олжас Төлеуов егер баға барреліне 10-20 долларға дейін төмендейтін болса біздің қор шамамен 6-7 жылға жетеді деп отыр. Оның ойынша, еліміздің банк жүйесі қазіргі әлемдік нарықтағы құбылуларға төтеп беруге дайын.  

ОЛЖАС ТІЛЕУОВ, ҚОЛДАНБАЛЫ ЭКОНОМИКА ЗЕРТТЕУЛЕР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

 - Қазіргі уақытта банктегі қор жеткілікті. Барлық мәлімдемелерге сәйкес, барлық банктер тығырықтан шыға алады деген сенім бар. Дегенмен мәселеге атүсті емес, егжей-тегжейлі қарау керек.

Экономистер қазақстандықтарды қаражаттарын айырбастауға емес, ресми сауданы күтуге кеңес беріп отыр. Олар қолдағы бар валюталарды, әсіресе ірі соманы долларға айналдырудың қажеті жоқ дейді.

Фото: ria.ru