Қазақстан алдағы 5 жылда азық-түлік тауарларымен толықтай өзін қамтитын болады

Қазақстан алдағы 5 жылда негізгі азық-түлік тауарларымен толықтай өзін қамтитын болады. Ауылшаруашылық министірлігінде 2024 жылға дейінгі импортты ығыстыруға арналған мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылуда. Бүгінде негізгі азық-түлік тауарларының 30 түрінің тек алтауы бойынша сыртқы тәуелділік байқалады. Ал өзгелерімен ішкі нарық 80 нен 100 пайызға дейін қамтылады. Кейбір түрлер бойынша шығарылатын өнім сұраныстан артылады. Импорттан арылу үшін құс фабрикаларының қуатын қосымша 2 мың тоннаға арттыру көзделіп отыр. Бүгінде 155 мың тонна құс етін өндіруге бағытталған 12 жобаны іске асыру қолға алынған. Ірімшік шикізатын еселеу жоспарланған, деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі. 

АЙХАН СҰЛТАН, ҚР АШМ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЖОСПАРЛАУ ЖӘНЕ ТАЛДАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:

 - Біз сүт өндірісінің қарқынын арттыруды қолға алдық. Жыл сайын 25 сүт фермасы іске қосылатын болады. Бұл ірімшік өндірісін шикізатпен қамтуға мүмкіндік береді. Ал қанттың тәуелділігінен арылуға келетін болсақ, қант қызылшасы егістігін 120 мың гектарға дейін жеткізу көзделген. Бүгінде ол шамамен 20 мың гектарды құрайды. Қант шығаратын жаңадан екі зауыт салынып, осы бағыттағы жұмыс істеп жатқан 3 өндіріс ошағы қайта жаңғыртылатын болады.   

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: kapital.kz