Ресейге қарсы санкциялар Қазақстанға қалай әсер етті?

Қазақстандағы билік транзиті, Ресейге қарсы санкциялар қос елдің қарым-қатынастарына қалай әсер етті? Осы және өзге сұрақтарға деген белді сарапшылардың пікірлерін «Еуразиялық мониторинг» сараптамалық орталығы зерттеп көрді. Сауалнамаға түрлі салалар бойынша қазақстандық 30 жетекші маман тартылған. Респонденттердің көп бөлігі екі ел арасындағы әскери және өңіраралық экономикалық қарым-қатынас аясы айтарлықтай жақсарғанын айтады. Яғни түрлі сын-қатерлерге қарамастан мемлекеттер тату көршілік пен әріптестік рухын сақтап келеді. Былтыр Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен Қазақстанның сыртқы тауар айналымының 92 пайыздан астамы Ресейге тиесілі болған. Көрші мемлекет Қазақстан аумағындағы шетелдік капиталы бар кәсіпорындардың жалпы саны бойынша да көш бастап тұр.

Сауалнама қорытындысына сай, сарапшылар бұл көрсеткіштерді еселеу үшін бірқатар ұсыныс жасаған.

АНДРЕЙ ЧЕБОТАРЁВ, ӨЗЕКТІ ЗЕРТТЕУЛЕР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

-  Біздің сарапшылар сауда-экономикалық байланыста кез келген тарифтік кедергілеріді жоюға басымдық беру керектігін айтады. Менің ойымша, бірлескен инвестициялық жобалар мейлінше көбірек қолға алынса, бұл орайдағы кедергілер өздігінен шешіледі. Сондай-ақ мемлекеттеріміздің ортақ зерттеу жобаларын қоса алғанда ғылыми-сараптамалық топтардың байланысын жетілдіруге көңіл бөлген жөн.

Фото: zakon.kz