Еліміздің Жалпы ішкі өнімінде газ саласының үлесі 1,8% жетті

Газ саласының еліміздің жалпы ішкі өніміндегі үлесі 1,8 пайызға жетті. Алдағы 10 жылда бұл көрсеткіш 2 есеге артады деп болжануда. Есесіне ішкі нарықтың сұранысын қанағаттандыру жағы да еселеніп келеді. 2030 жылы халықтың 56 пайызы газбен қамтылмақ. Бүгінде бұл меже 51 пайыз шамасында. Бұл орайда қолға алынған «Сарыарқа» газ құбырының құрылысы былтыр аяқталды. Ендігі мақсат – үлестіргіш желілерді құру.

Бұдан соң Қызылордадан бастау алған магистраль бойындағы Нұр-Сұлтан қаласына дейінгі 171 елді мекеннің 2,7 млн-ға тарта тұрғыны табиғи газға қол жеткізеді. 2020-2022 жылдардың өзінде ғана елді газбен қамту бағытында жалпы құны 140 млрд теңгені құрайтын 62 жоба жүзеге асырылмақ.

ҚУАНЫШ СӘРСЕКЕЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІНІҢ ГАЗ ЖӘНЕ МҰНАЙ-ГАЗ ХИМИЯСЫ ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Елімізді газдандыру бағдарламасы аясында 2006 жылдан бері 200-ден астам жоба жүзеге асырылды. Нәтижесінде бүгінде 9,5 млн адам газбен қамтылып отыр. Бүгінде «Сарыарқа» магистральді газ құбырының екінші және үшінші кезеңдерінің құрылысын бастауға қатысты мәселелер қарастырылып, жоспар құрылуда. Яғни көгілдір отын тарататын құбыр Нұр-Сұлтан қаласынан бастау алып, Көкшетау, Петропавл қалаларына дейін жететін болады. Бұл магистраль бойындағы барлық елдімекендерді табиғи газбен қамтуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде газға қол жеткізген адамдардың қатары тағы 3,5 милионға арттырылады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов 

Фото: eenergy.media