Қазақстанда өндірілген «жасыл» энергия көлемі 2,4 млрд киловатт-сағатқа жетті

Өткен жылы Қазақстанда өндірілген «жасыл» энергия көлемі шамамен 80 пайызға өсіп, 2,4 млрд киловатт-сағатқа жетті. Бұл ретте электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі Жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 2,3 пайызды құрады. Ал биылғы жылы ол 3 пайызға дейін өседі деп күтілуде.

Энергетика министрлігі өкілдерінің айтуынша, бұл үшін биылғы жылы елімізде 18 жаңа Жаңартылатын энергия көздері жобасы іске қосылады. Олардың қатарында елорда мен Жамбыл облысында орналасқан жалпы қуаты 200 мегаватт болатын екі ірі жел энергетикалық станция бар. 

Жалпы Жаңартылатын энергия көздері саласына биылғы жылы шамамен 600 млн доллар жеке инвестиция тарту жоспарланып отыр.

АЙНҰР СОСПАНОВА, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІ ЖАҢАРТЫЛАТЫН ЭНЕРГИЯ КӨЗДЕРІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

– Жаңартылатын энергетика жобаларын іске асыру жолымен Қазақстан парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі өзінің халықаралық міндеттемелерін орындай алады. Қазақстан париждік климаттық келісімге қосылғанын еске салып өтейін, бұған дейін біз Киото хаттамасына қатысушы болдық, тиісінше Қазақстан СО2 мен парник газдарын және жаңартылатын энергетика объектілерін халықаралық деңгейде төмендетуге міндетті. Бұл – СО2 төмендетудің ең тиімді құралдарының бірі. Қазақстан трендте  және біз көршілерде, атап айтқанда, Өзбекстанда не жасалып жатқанын мұқият қадағалап отырмыз. Олар біздің тәжірибемізді қолданады.

Авторы: Ақзер Сегізбаева 

Фото: egemen.kz