2024 жылға қарай ауылшаруашылық тауарларының экспорты 50 пайызға дейін жетеді

Қазақстан 2024 жылға қарай жалпы ауылшаруашылық тауарларының экспортындағы қайта өңделген өнімдердің үлесін 50 пайызға дейін жеткізуді көздеп отыр. Арнайы есептерге сай, осы кезде сырқа жіберілетін отандық өнімдердің жалпы құны 4 млрд долларды құрайды деп күтілуде. Бұл жөнінде салалық ведомство басшысының орынбасары Рүстем Құрманов мәлімдеді.

РҮСТЕМ КҰРМАНОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

 - Неліктен біз бұған ұмтылып, құлшыныс танытып жатырмыз? Ауылшаруашылық тауарын өндірушілер үшін терең өңделген өнімнің табысы мейлінше жоғары болады. Бұл орайда ұн экспортына басымдық беріледі. Өйткені бүгінгі көрсеткіштерімізді сақтап қалу керек. Мәселен, өңделген ұн, май өнімдерін тасымалдаймыз. Осы мүмкіндіктерімізді жоғалтып алмау керек. Оларға экспорттық тауарлардың жаңа түрлерін қосуға ден қойған абзал.

Ауыл шаруашылығы миниістрлігі өкілдерінің айтуынша, қазақстандық агроөнеркәсіптік кешеннің өнімдері әлемнің 40-тан астам елінде сұранысқа ие. Негізінен сырт мемлекеттердің нарқына ұнмен қатар, ұннан жасалатын кондитерлік өнімдер, май, түрлі жармалар, балық, ет, сүт сынды мал өнімдері жіберіледі.

РҮСТЕМ КҰРМАНОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

 - Егіншілік өнімдері жөнінде айтар болсақ, негізінен біздің өңделген дәнді-дақылдарымыз Өзбекстан, Ауғанстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінде сұранысқа ие. Біз ол елдерге өсімдік шаруашылығының өңделген тауарларын жеткізіп тұрамыз. Ал Қытай нарқына көбіне өсімдік майымен ет тасымалданады. Аспан асты елінің тұтынушылары біздің кондитерлік сүт және мұздатылған өнімдерімізді жақсы алады. Қазір Иранның нарқы жақсы дамып келеді. Онда негізінен ет өнімдері экспортталады. Ал зығыр мен майлы дақылдар әдеттегідей Еуропа елдеріне жөнелтіледі.     

Сарапшылар агроөндірістік кешенге жеке капитал құюдың аса маңызды екенін айтады. Мәселен, өткен жылы аталмыш саланың негізгі қорына 500 млрд теңгеден астам рекордттық көлемде инвестиция тартылған.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: vteme.kz