ЕАЭО аясында тауарларды таңбалау пилоттық жоба түрінде енгізіледі

Қазақстанда биылдан бастап тауарларды таңбалау пилоттық жоба түрінде енгізіле бастайды. Бұл туралы елордада өткен жиын барысында Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі Бернат Алпысбеков айтты. Бүгінде елімізде нақты қандай өнімдерді таңбалау керектігін көрсететін тізім жоқ. Алайда Еуразиялық одақтың мүшелері таңбаланатын тауарлардың тізімін кеңейтуді қолдап, оны енгізуді іс жүзінде тездетуді сұрауда. Себебі ЕАЭО ұсынысымен 2018 жылы тауарларды таңбалау туралы келісімге қол қойылған болатын.

Ал жоба 2019 жылдың 29 наурызынан өз күшіне енген. Мамандар отандық өнімді таңбалау ең әуелі қауіпсіздік пен цифрландыру жолындағы игі қадам деп отыр.

БЕРНАТ АЛПЫСБЕКОВ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:

- Әрине, ең бірінші экспортпен айналысатын тауар өндірушілерге баса назар аударылады. Біз ең бірінші кезекте олармен жұмыс істейміз. Одан кейін басқа кәсіпорындар өз еріктерімен таңбалауға өтулері мүмкін. Өкінішке орай, біздің кәсіпкерлер тек шығын жағын ойлайды. Бірақ өнімді таңбалау – маркетинг жағынан өте ұтымды жоба. Яғни өндіруші өз өнімінің Қазақстанның қай аумағында және қандай орамда екендігін көре алады. Өнімнің қай көлемде, оның қашан, қайтып келетіндігін, мерзімі өтіп кеткен өнімі туралы ақпарат бірден түсіп отырады. Яғни маркетинг тұрғысынан алғанда, бұл өте керемет нәрсе.

Авторы: Ақзер Сегізбаева 

Фото: inbusiness.kz