2020 жылы АХҚО қатысушы компаниялары 500 асады

165 миллион доллар. Бұл – Астана халықаралық қаржы орталығы құрылғалы осы алаң арқылы қатысушы компаниялардың Қазақстан экономикасына құйған инвестициясы. Негізінен банк саласы, қаржылық технологиялар және инфрақұрылымдық жобаларға қаржы салынған. Халықаралық орталықтың биржасы арқылы 216 млн доллар акционерлік капитал тартылған. Бұл жергілікті қаржы нарығына соңғы 3 жылда енген акционерлік үлестен бірнеше есе артық. Жалпы бүгінде «Астана» халықаралық қаржы орталығына әлемнің 36 елінен 387 қатысушы компания тіркелген. Қазақстандықтармен қатар Ресей, Қытай, АҚШ, Ұлыбритания және Үндістан мемлекеттері инвесторларының саны басым. Жыл соңына дейін олардың қатарын еселеу көзделіп отыр. Ол үшін қатысушыларды қабылдайтын қолайлы экожүйе қалыптастырылып, орталықты аймақтың басты қаржы торабына айналдыру жоспарланған.

АСЛАН КОКАЕВ, АХҚО ЕНШІЛЕС КОМПАНИЯСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Қазіргі таңда бірқатар халықаралық деңгейдегі ірі ойыншылар Қазақстанды инвестиция құюға аса тиімді аймақ ретінде қарастырып отыр. Қытай және Батыс елдерінің бірқатар беделді ойыншылары еліміздің нарығына кіріп, кәсібін жүзеге асырып үлгерді. 2020  жылдың соңына дейін «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүше компанияларының санын 500-ден асыруды жоспарлап отырмыз. Негізінен қаржылық сектор мен консалтингтік компанияларды тартуға басымдық беріледі.

WILL ASTON, КОНСАЛТИНГТІК КОМПАНИЯНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Біз - «Астана» халықаралық қаржы орталығының қатысушысымыз. Әлемдегі барлық ірі халықаралық орталықтар сынды инвесторлар үшін көп мүмкіндіктер ашып отыр. Кәсіпкер үшін, ең бастысы көптеген салықтық жеңілдіктер қарастырылып, тиімді бизнес жүргізу үшін жағдайлар жасалған. Сондықтан біз осында келіп, консалтингтік компания ретінде жергілікті қаржы орталықтарына бизнес ашып, оны дамытуға көмек көрсетеміз.  

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: kapital.kz