Брюссельде «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметі таныстырылды

Брюссельде «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметі таныстырылды

Брюссельде «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметі таныстырылды. Қазақстандық тарап Люксембург пен Бельгия кәсіпкерлерін қаржы орталығының жұмысына қатысуға шақырды. Айта кетейік, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басты басымдықтарының бірі – тиімді географиялық орналасуы, яғни «Бір белдеу, бір жол» жобасына кіруі және ортақ ағылшын құқығы негізінде құрылған халықаралық тәуелсіз соттың болуы.

Қазақстанның Бельгиядағы елшісі Айгүл Құспанның атап өтуінше, жаһандық үндеулерге қарамастан Қазақстан экономикасы дамып келеді. Елімізде жұмыс істейтін кәсіпкерлерге қолайлы жағдайлар жасалған.

АЛЕКСАНДР ВАН ДЕР ПУТТ, АХҚО БАСҚАРУШЫСЫ ЖАНЫНДАҒЫ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ДАМУ ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕС БАСШЫСЫ:

– «Астана» халықаралық қаржы орталығы 102 жаһандық қаржы орталықтарының тізімінде қазіргі кезде 51-ші орында. Бұл орталықтың қызмет еткеніне екі-ақ жыл болды. Бұл керемет! Біздің миссия капитал нарығын дамытуға ғана емес, сонымен қатар, Қазақстанның және аймақтың тұрақты экономикалық дамуына ықпал етуге негізделеді. Біз қаржы қызметтерін ынталандырамыз және ұсынамыз. Осы мақсатта инфрақұрылым жасалады: бізде халықаралық қор биржасы бар. Сонымен қатар ортақ ағылшын құқығына негізделген халықаралық сот пен халықаралық тәуелсіз арбитражды орталық жұмыс істейді. Сондай-ақ жеке ойыншылар мен ірі компаниялардың ережелерді бұзбауын бақылайтын тәуелсіз реттеуші де қызмет етеді.

Фото: mfa.gov.kz