2019 жылы Қазақстан арқылы өткен транзиттік жүк тасымалының көлемі 20 млн тоннаға жеткен

Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Бұған саланың көрсеткіштері дәлел. 2019 жылдың қорытындысы бойынша, республика аумағымен транзиттік жүк тасымалының көлемі 20 млн тоннаға жуықтаған. Жүктің негізгі бөлігі, яғни, 17 млн 500 мың тоннасы теміржол бағыттарының үлесіне тиесілі. Соның ішінде 11 млн 500 мың тоннасы Орталық Азия аймағындағы көршілерімізге жөнелтілген, деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі.

БАЛНҰР АЗМАҒАНБЕТОВА, ҚР ИИДМ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

- Тасымалданатын жүктерге келсек, негізінен – мұнай, металл, химикаттар, сода, астық және басқа жүктер. 2019 жылдың қорытындысы бойынша, транзиттік жүк көлемі 2018 жылмен салыстырғанда 23 пайызға артып, 664 мың контейнерді құраған.

Бүгінгі күні Қазақстан аумағымен Еуропа мен Азияның арасын жалғайтын бірнеше халықаралық көлік дәлізі өтеді. Бұл бағыттар өнімдерді өндірушіден тұтынушыға дейін жеткізу уақыты мен қашықтығын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.

БАЛНҰР АЗМАҒАНБЕТОВА, ҚР ИИДМ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

 - 2019 жылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізімен 7,5 мыңға жуық контейнер тасымалданған. Бұл 2018 жылдағыдан 2 есе көп. Алдыңғы жылы 3 мың 900 контейнер өткен болатын. Еуразиялық трансқұрлықтық дәліз тасымал құны жағынан тиімді. Өйткені Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне қатысушы елдер жыл сайын барынша төмен баға белгілейді. Қазақстан аумағымен тасымалға 19 күн кетеді.

Авторы: Ақзер Сегізбаева

Фото: exclusive.kz