2020 жылы ел экономикасына кемінде 28 млрд доллар көлемінде шетелдік қаржы тартылады

2020 жылы ел экономикасына кемінде 28 миллиард доллар көлемінде тікелей шетелдік қаржы тартылады. Осылайша, биыл инвестицияның жалпы ішкі өнімдегі үлесін 20 пайыздық межеге жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Ел үкіметінің кезекті отырысында белгілі болды.

Бүгінде  мемлекетіміздің әлеуетін арттыру бойынша ұлттық тізімге жалпы құны 44 триллион теңгені құрайтын 2 мыңнан астам жоба енгізілген. Мақсат – экономиканың жылдық көрсеткішінің 5 пайыздық өсімін қамтамасыз ету. Бұл орайда бизнестік ахуалды жақсартуға бағытталған бірқатар шара қолға алынбақ. Олар кәсіпкерліктің мемлекеттік сатып алуларға кедергісіз қатысуына жол ашады деп күтілуде.

РУСЛАН ДӘЛЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

 - Ағымдағы жылғы 1 шілдеге дейін Ақша-кредит саясаты стратегия және хеджирлеу инфрақұрылымын дамыту бойынша ұсыныстар әзірленеді. Сондай-ақ қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды дамыту және ұлттық төлем жүйесін құру бойынша шаралар дайындалады. Өткізу нарықтарына қол жеткізуді қамтамасыз ету және электрондық сауданы дамыту бойынша шаралар іске асырылады. Ағымдағы жылдың соңына дейін жаңа редакциядағы «Техникалық реттеу туралы» Заңы қабылданады. Кәсіпкерлердің мемлекеттік қолдау және консультациялар алуын оңайлату мақсатында «Бизнеске арналған үкімет» бірыңғай терезесі құрылатын болады.

Фото: kursiv.kz