Неміс бизнесмендері Қазақстанға қаржы салуға мүдделі

Неміс бизнесмендері Қазақстанға қаржы салуға мүдделі

Неміс компаниялары Қазақстан экономикасына инвестициялар көлемін арттыруға ниетті. Елдің Солтүстік Рейн-Вестфалия федералдық аумағында қос тарап 10-нан аса екіжақты кездесу өткізді. Аймақтың жетекші кәсіпкерлерінің біразы елімізге инвестиция құюда тәжірибелі болса, енді біреулері біздің нарыққа жаңадан қызығушылық танытып отыр.

АНДРЕС РУФФ, КОМПАНИЯНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Компаниямыз ет өндірісі мен оны өңдеумен айналысады. Қазақстанда фабрика ашып, өнімін өзге елдерге экспортқа шығару жоспарымызда бар. Елдеріңіз керемет, агроөнеркәсіп саласында мүмкіндік мол. Келіссөздер мазмұнды өтті.

ЙОАХИМ ГОЛДБЕК, КОМПАНИЯНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Біз Қазақстанда екі ірі жобаны жүзеге асырдық. Біреуі Қарағанды облысының Сарань қаласында орналасқан. 150 млн доллар инвестиция құйдық. Қазір Оңтүстік Қазақстан мен Қарағандыда өзге жобаларды іске қосу туралы келіссөздер жүргізіп келеміз. Қазақстан қарқынды дамып жатыр және Күн энергетикасын қолдануда әлеуеті зор деп санаймын. Бір жағынан бұл кең-байтақ жері, екіншіден шуақты күндері көп.

Сондай-ақ Дортмундта неміс бизнес қауымдастығы өкілдерімен дөңгелек стол өтті. Бұл басқосуға 24 компанияның жетекшілері қатысты. Кездесу барысында жергілікті кәсіпкерлерге Қазақстан Президентінің бастамасымен неміс бизнесіне жасалған ереше жағдайлар, жеңілдіктер мен қолдау шаралары туралы айтылды. 

РУСТАМ ИСАТАЕВ, ҚР СІМ ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӨНІНДЕ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Яғни экономиканың басымдық берілген секторларына, салаларына қаржы салған елдер ең көп табыс табатынын тәжірибе көрсетіп отыр. Өз кезегінде неміс бизнесмендері нақты сауалдары мен тілектерін жеткізді. Бұл топ мемлекет басшымыздың Германияға сапары барысында оның тікелей тапсырмасымен құрылған.

Германия – әлем бойынша «Индустрия 4.0» тұжырымдамасын ендіре бастаған алғашқы елдерді бірі. Дортмундта қазақстандық делегация сорғылар шығаратын зауыттың жұмысымен танысты. Бұл кәсіпорында робототехниканың ең үздік жетістіктері қолданылып келеді.

Фото: Хабар 24