Қазақстан мен Словакия ынтымақтастығы

Қазақстан мен Словакия арасындағы ынтымақтастық аясы кеңейіп келеді. Тараптар энергетика, қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібін дамыту бағытында әріптестікті нығайтуға мүдделі. Елордада бас қосқан қос елдің іскерлік тобы осындай уағдаластыққа қол жеткізіп, бірқатар меморандумдарға қол қойды. Жиында екі жақтың инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларының әлеуеті таныстырылып, экономикалық қарым-қатынастың көкжиегін арттыру мәселелері талқыланды.

Айта кетейік, былтыр өзара тауар айналымы 26 млн доллардан асып жығылған. Биыл бұл межені еселеу көзделіп отыр. Словакия 2005 жылдан Қазақстанға 20 млн доллардан артық инвестиция құйды. Бүгінде ел аумағында словакиялық капиталмен 40-қа тарта компания жұмыс істейді.  

РОМАН ВАСИЛЕНКО, СЛОВАКИЯДАҒЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕЛШІСІ:

 - Ауыл шаруашылығы бағытындағы әріптестікті ерекше атап өткім келеді. Бізге Словакияның ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу технологиясы қызықты. Ал Словакия үшін біздің елден өздеріне инвестиция тарту және сәйкесінше Қазақстан экономикасына қаржы салу жағы қызықты. Екіжақты іскерлік жиынының қорытындысына сай және басқосу барысында келісілген 3 меморандум өзара тауар айналымы көрсеткішін арттыруға сеп боларына сенімдіміз.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото:mfa.kz