Еліміздің ауыл шаруашылығына бөлінген инвестиция көлемі 40 пайызға артты

Еліміздің ауыл шаруашылығына бөлінген инвестиция көлемі 40 пайызға артты. Салалық ведомство өкілдерінің айтуынша, өткен жылдың 11 айында отандық агроөнеркәсіптік кешенге салынған қаржы көлемі 429 миллиард теңгеден асып жығылған. Бұл ретте шамамен қаражаттың 80 пайызы инвесторлар мен кәсіпкерлер үлесінде екенін атап өткен жөн.

Сондай-ақ инвестициялардың 93,5 млрд теңгеге жуық негізгі бөлігі еліміздің басты астықты өңірлерінің бірі – Солтүстік Қазақстан облысына тиесілі. Ал Павлодар өңірінің жетістігі – инвестиция көлемінің 2018 жылмен салыстырғанда бірден 3 есеге артуы.

МҰХАМБЕТ ЖЕКЕЕВ, ҚР АШМ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ САЯСАТ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

 - Инвесторлар үшін салықтық жеңілдіктер, субсидиялау сияқты белгілі бір жағдайлар жасалуда. Жалпы 2019 жылы ауыл шаруашылығына инвестиция тарту тұрғысынан өте табысты болды, сондай-ақ шетелдік серіктестермен ұзақ мерзімді қарым-қатынаста алғашқы кірпіштер қаланды.

Сарапшылардың айтуынша, қосымша қаражат тартумен қатар, салада халықаралық деңгейде де жетістіктер бар. Атап айтар болсақ, халықаралық агро саланың алыптарымен ынтымақтастықты кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілген.

МҰХАМБЕТ ЖЕКЕЕВ, ҚР АШМ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ САЯСАТ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

 - Өткен жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға ресми сапары барысында Ауыл шаруашылығы министрлігі Германияның азық-түлік және ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлескен мәлімдемеге қол қойды. ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің АҚШ-қа жұмыс сапары аясында АҚШ-тағы агробизнесте көш бастаған инвесторлармен маңызды келісімге қол қойылды. Қазақстанда ет өңдеу және суару жүйелерін шығару жөніндегі кәсіпорын ашу мақсатында, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Аргентина, Грузия, Германия, Иран сияқты елдердің тиісті құрылымдарының басшыларымен Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы даму және ынтымақтастық мәселелері бойынша бірқатар меморандумдар мен келісімдерге қол қойды.

Автор: Ақзер Сегізбаева 

Фото: matritca.kz