Еуразиялық экономикалық одақтың құрылғанына – 5 жыл

Еуразиялық экономикалық одақтың құрылғанына – 5 жыл. Еңсерілген алғашқы меже қорытындыланып, енді алдағы бес жылдықтың жоспары айқындалды.

Атап айтсақ, 2025 жылға дейін электр энергиясы мен мұнай-газ секторының ортақ кеңістігін құрып, бірыңғай қаржылық нарықты қалыптастыру мақсаты тұр. Одан бұрын екі-үш жылдың ішінде қызмет көрсету нарқын бір ізге салу көзделген. Әдеттегідей, өзара байланысты жетілдірумен қатар, сыртқы саясат та назардан тыс қалмайды.

БЕКЖАН САДЫҚОВ, ҚАЗАҚСТАН СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ АҒА ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Одаққа мүше мемлекеттердің барлығында да макроэкономикалық көрсеткіштер тұрақты екенін атап өту керек. Бұл ең бірінші кезекте, Еуразиялық экономикалық одақтың әлемдік нарықта халықаралық дәрежеде қалыптасқан беделді әрі дербес субъект ретінде дамып, танылуымен тікелей байланысты. 2018 жылдың қорытындысы бойынша, жалпы одақ даму көрсеткіштеріне сәйкес 140 елдің ішінде 45-ші орыннан көрінді.

Әлем мемлекеттері бес бірдей елдің 180 миллионнан астам халқын біріктіріп отырған алып нарыққа шығуға мүдделі. Шығыс пен Батысты жалғайтын көпірге айналған іргелі одақ еркін сауда аймағы туралы келісім жасауға ниетті елдердің тарапынан мол қызығушылық тудырып отыр.

Сондықтан алдағы уақытта да өзгелермен алыс-берісті нығайтуға басымдық беріледі.

БЕКЖАН САДЫҚОВ, ҚАЗАҚСТАН СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ АҒА ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Одақ басқа елдерге макроэкономикасымен тартымды. Осының арқасында бүгінде әлемнің 50-ге тарта мемлекетімен келісімдер жасалды. Көбі күшіне енді. Олардың қатарында Грекия, Куба сынды елдер бар.

Айта кетейік, одақтың негізгі капиталына тартылатын инвестицияның өсімі жыл сайын шамамен 6%-дық деңгейде сақталып келеді. Бүгінде бірыңғай экономикалық кеңістікке құйылған бар қаржы 325 млрд долларға жетіп отыр. Одақ құрылғалы 10 мыңнан астам бірлескен кәсіпорын құрылған.

Ал жалпы ішкі өнімге келетін болсақ, ол 5 жылда 15,3% артып, 2 трлн доллардан асып жығылады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов 

Фото: eurasiancommission.org