Қазақстан-Израиль: 2019 жылы тауар айналым жарты млрд долларды құрады

Қазақстан мен Израиль арасындағы тауар айналымы 2019 жылы жарты млрд долларды құрады. Екі мемлекет екіжақты сауданы ұлғайтуға ниетті.

Бұл үшін мемлекеттер экономиканың түрлі салаларындағы ынтымақтастықты жандандыруды жоспарлап отыр. Әріптестіктің басым салаларына ауылшаруашылық, ақпараттық технологиялар, әлеуметтік кәсіпкерлік және басқалар жатады.

Атап айтқанда, агроөнеркәсіп секторында тараптар озық тәжірибе алмасып қана қоймай, бірлескен инвестициялық қор құруды жоспарлап отыр.

ЛИАТ ВЕКСЕЛЬМАН, ИЗРАИЛЬДІҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ:

 - Қазір талқыланатын ең үлкен жобалардың бірі – бұл жергілікті және израильдік халықаралық инвесторлар қорын құру. Қазақстанда ауыл шаруашылықты дамыту үшін жергілікті израильдік, сондай-ақ шетелдік инвесторлар осы қорға қаражат салады. Себебі Қазақстанда ауыл шаруашылығы өте жақсы дамыған. Сіздер Ресейге, Қытайға және Таяу Шығысқа өз тауарларыңызды жеткізесіздер. Сондықтан да біз сіздердегі көкөністер, дәнді дақылдар, сондай-ақ ет нарығын ары қарай дамытқымыз келеді.

Әрине, Қазақстан мен Израиль өзара мәдени байланысты да естен шығармайды.

Мамандардың пікірінше, кинокөрсетілімдерді өткізу қарым-қатынасты одан ары нығайта түседі және екі елдің халқын жақындатады.

Жуырда Нұр-Сұлтанда израильдік «Үйлену жоспары» фильмінің көрсетілімі өтті. Лентаның премьерасы 73-ші Венециялық кинофестиваль қарсаңында ұйымдастырылды. Шығарма өз кезегінде түрлі марапаттар мен киносыншылардың оң пікірлерін алған. Қазақстандықтар киноны өз тілінде ағылшын субтитрлерімен көре алды.

Авторы: Ақзер Сегізбаева 

Фото: Хабар 24